«Есек сүті ем бола ма?»: дәрігер, емші, молданың жауабы – «аққу, шортан һәм шаянның» кері
Оның 1 литрі 50 мың теңгеге бір-ақ шарықтады
Халық арасында ауыр науқастарға емдік мақсатта есектің сүтін беруге болатыны айтылып жүр. Алайда оның сүтінің өзі арам екені Құранда жазылған. Осы орайда ҚМДБ даулы мәселені тарқатып түсіндірді.
Ислам шариғатында есектің етін жеуге тыйым салынған. Бұған байланысты көптеген хадис бар.
Сахаба Жәбірден жеткен риуаятта былай делінеді: «Хайбарды алған күні Алла елшісі үй есегінің етін жеуге тыйым салып, жылқы етін жеуге рұқсат етті».
Тағы бір хадис шәрифте сахаба Абдулла бин Омар: «Пайғамбарымыз Хайбар күні үй есегінің етін жеуден тыйған еді», – дейді.
Ал есектің сүті – ғұламалардың арасында тартысты мәселе. Фәтху әл-Қадир атты кітапта заһир риуаят бойынша есек сүтінің нәжіс екені, сондай-ақ Айну әл-Әиммәнің:«Дұрысы, есектің сүті ауыр нәжіс саналады, арам етілген», - деген сөзі келтірілген.
Демек есектің еті де, сүті де арам әрі нәжіс. Бұларды жеуге де, ішуге де болмайды.
Енді есектің сүтімен емделуге келсек, Ибн ән-Нужайм әл-Ханафи: «Ғалымдарымыз арам нәрселермен емделу үкіміне қатысты бір шешімге келіспеген», - дейді. Алайда «әз-Захира» кітабында:
Арамнан басқа еш ем табылмаса және оның құрамында шипаның барлығы нақты болса, онымен емделуге рұқсат, – дейді.
«Ал Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Алла Тағаланың харам еткен нәрселерінде сендерге шипа жоқ» деген хадисі құрамында шипа болмаған нәрселерді ғана көздейді. Егер оның құрамында шипа барлығы анықталса әрі оның орнын басатын басқа дәрі табылмаса, қолданудың зияны жоқ.
Сондықтан әділ әрі сенімді мұсылман дәрігер аурудың жалғыз емі – есектің сүтін ішу және оның еш зияны жоқ деген қорытынды жасаған жағдайда әрі оған тең келетін халал дәрі табылмаса, онда оны емдік мақсатта қолданудың оқасы жоқ, - дейді ҚМДБ шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Бауыржан Абдуалиев.
Алайда ҚМДБ түсіндірмесінде «әділ әрі сенімді мұсылман дәрігер аурудың жалғыз емі – есектің сүтін ішу және оның еш зияны жоқ деген қорытынды жасаған жағдайда әрі оған тең келетін халал дәрі табылмаса...» делінген. Қазір адамзаттың дәріге зәру және есек сүтін ішуге мәжбүр болып жүретін заманы емес. Сондай-ақ Қазақстандағы қазақ дәрігер де «әділ әрі сенімді» шығар?
Кофеин көп, 50, 60, 70%-ға дейін. Бұл сүттің асқазанда қорытылуы қиын болады. Қорытылуы қиын болғаннан кейін ол дұрыс сіңбейді, - дейді медицина ғылымдарының докторы Абай Жанғабылов.
Сөйте тұра, қазір елімізде есектің сүті әжептәуір бизнес көзіне айналып кеткен. Коронавирус індеті өршіп тұрғанда литрі 1200 теңгеден аспаған қымызды «қымбат» деп едік, ал жылқының «шынашағына татымайтын» есек сүтінің 1 литрі 50 мың теңгеге бір-ақ шарықтады. Әлеуметтік желілерде әлі де қызу саудаланып жатыр. Өйткені емшілер жұртты оның сүті өкпенің қабынуын, асқазан жарасын, онкологиялық ауруларды емдейді, негізі жаңа сауылған күйінде ішу керек дегенге сендіріп қойған. Соның бірі – емші Төлетай Сатарбаев. Оның айтуынша, есек сүтінде адам ағзасына қажетті 300 түрлі компонент бар көрінеді.
Керамид, фосфолипид деген таптырмайтын май қышқылдарын, міне, осы есектің сүтінен кездестіресіз, – деп отыр ол.
Сөйтіп не дәрігерден, не діндардан нақты жауап таба алмай, «есек емген» сырқат қоғам тепеңдеп емшілерді жағалап жүр.
Ал сіз оның сүтін ішер ме едіңіз?