Жастар еңбек өтілі болмаса да бірден көп жалақы алғысы келеді – министр
Оларды өнеркәсіпке және ауыл шаруашылығына тарту үшін Үкімет жеңілдік беруі керек
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова қазіргі жастардың жалақы жоғары, жұмыс кестесінің ыңғайлы болғанын қалайтынын мәлім етті. Оның айтуынша, жастар еңбек өтілі болмаса да бірден көп жалақы алғысы келеді.
Қазір жастар оқуын бітіріп, еңбек нарығына келіп жатыр. Олар зауытқа барып жұмыс істегісі келмейді. Қазір оларға 500 мың теңге еңбекақы мен жұмыс кестесі ыңғайлы болуы керек. Жастар осындай талап қойып отыр, - дейді министр.
Сондықтан ол жастарды өнеркәсіпке және ауыл шаруашылығына тарту үшін Үкімет жеңілдік беруі керек деген пікірде.
Біріншіден, техникалық оқу орнын бітірген азаматтарға жеңілдіктер беру, яғни оларды әскери борышты өтеуден босату керек. Колледждердің ішінде сержант құрамын дайындайтын әскери кафедра ашу шарт. Қазір Қорғаныс министрлігі бұл ұсыныстан бас тартып отыр. Бірақ біз өнеркәсіпті дамытамыз, білікті маманды тартамыз десек, осындай жұмыс істеуіміз керек. Екіншіден, ауылдағы жұмыссыздық. Бүгінде ауылда жастар қалған жоқ. Олар қалаға кетіп жатыр. Ал ауыл шаруашылығын дамыту үшін субсидия сомасын көбейту керек, - деді Светлана Жақыпова.