Ет-сүт өнімдерін терең өңдемеу салдарынан 800 млн доллардан қағылдық
Бұл салада дайын өнімнің импорты өсіп келеді
Еліміз жыл сайын сүт пен ет өнімдерін терең өңдемей, 800 млн доллардан қағылып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаты Сұлтан Сегізбаев мәлім етті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Терең өңдеудің үлесі әлі де төмен болып отыр. Қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібінің үлесі еліміздің барлық өнеркәсібі өнімдерін өндірудің жалпы көлемінің небәрі 6%-ына тең. Атап айтқанда, 2023 жылы сүтті өңдеу үлесі – 33%, етті өңдеу – 41%, жүнді өңдеу – 19%, ірі қара мал терісін өңдеу үлесі 6% болды, - дейді депутат.
Оның айтуынша, дайын өнімнің импорты өсіп келеді.
2023 жылы сүт өнімдері бойынша өсім 400 млн доллар болып, 20%-дан асты. Ал ет пен ет өнімдерінің импорты 408 млн долларға жетті. Осылайша, тек ет пен сүт өнімдері бойынша қайта өңдеудің нашар жүргізілуінің салдарынан біз жыл сайын 800 млн доллар жоғалтып, олар шетелдік фермерлерді қаржыландыруға кетіп жатыр, - деді Сұлтан Сегізбаев.
Мұның негізі себептері:
- Бұрмаланған статистика. Сарапшылардың пікірінше, көрсеткіштерді асыра көрсету тек сүт бойынша 2 млн тонна, ірі қара малдың саны бойынша 1 млн бас болды;
- Сапалы сүт шикізаты жетіспейді;
- Ет саласын дамытудың нақты стратегиясы жоқ;
- Былғары шикізатының сапасы сын көтермейді;
- Тері мен жүнді өңдеудің қолданыстағы технологиясы моральдық тұрғыдан ескірген, шикізатты дайындау, тасымалдау және сақтау жүйесі жоқ;
- Отандық өндірістің дайын өнімін өткізу мәселелері шашетектен;
- Мал шаруашылығы өнімдерінің экспорты көңіл көншітпейді.
Мал шаруашылығының экспорты негізінен шикізат есебінен өсіп отыр. Мысалы, экспорт құрылымында жұмыртқа – 30%, өңделмеген мұздатылған балық – 16 мың тоннаға жуық.
Бұл осы уақытқа дейін жануарларды есепке алудың нақты және ашық жүйесінің дұрыс жолға қойылмауының салдарынан деп есептейміз. Осы саланы ретке келтіріп, заманауи цифрлық технологияларды қолдана отырып, мал басы мен өндірілетін мал шаруашылығы өнімдері бойынша статистикалық көрсеткіштерді қалыптастырудың бірыңғай жүйесін енгізетін кез келді, - деді Сұлтан Егізбаев.