Қостанайлық жас кәсіпкер бағалы тышқанмен-ақ баюды көздеп отыр
Оның алақандай бір терісінің өзі 1 мың долларға жуық тұрады
Қостанай облысының Қарасу ауданында тұратын Андрей Лепконың арманындағы кәсіпті іске асыруына «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының көмегі тиіпті, деп хабарлады BAQ.KZ-тің Қостанай облысындағы тілшісі.
Ерекше тышқандардың бұл фирмасы ел аумағындағы екінші ерекше кәсіп көзі болып отыр. Қостанайдағы шиншилла шаруашылығы Қарасу ауданының Жамбыл ауылында орналасқан. Ерекше бастаманы іске асыру үшін жас кәсіпкер «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының аясында мемлекеттен 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, қазір шаруасын дөңгелетіп отыр.
Андрей Лепко – негізгі мамандығы заңгер бола тұра, мемлекеттік бағдарламаны пайдаланып, ауылдық жерде бұрын-соңды болмаған кәсіп түрін ашуға тәуекел еткендердің бірегейі.
Мен интернеттен шиншиллаларды өсіру туралы ақпаратқа кездейсоқ тап болдым. Содан кейін Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданының тұрғыны Евгений Шмальконың кәсібі туралы мақаланы таптым. Онда оның елімізде алғаш рет шиншиллалардың фермасын ашқан кәсіпкер екені айтылыпты. Осылайша, мен Евгенийді іздеп таптым. Қазір біз жақын доспыз. Ол маған өз ісімді бастауға көмектесті, - дейді Андрей.
Айтуынша, ол гранттан алған негізгі қаражатты шиншиллаларды сатып алып, ауылына жеткізуге жұмсапты.
Тышқандарды өсіру барысында айтарлықтай қиындық жоқ. Шиншилла тез өседі. Бір жыл ішінде бір аналық 10 басқа дейін күшіктейді. Бұл тышқанның түрі көп ауыра қоймайды.
Ең бастысы, бірқалыпты температураны сақтап, уақытында дұрыс тамақтандырып, қажетті дәрумендерді үзбей беріп отыру керек. Жем үшін көп шығынданбайсың. Бір ересек шиншилланың корегі жылына небәрі 12 келіден аспайды. Көбіне олар дәнді дақылдармен қоректенеді. Кейде шөп те беруге болады. Әсіресе, мейіз бен жаңғақты жақсы көреді. Менің басты мақсатым – өзінің қасиеттерімен бағаланатын, ең алдымен жүндері ерекше тығыз, терісі жеңілдігімен ерекшеленетін шиншилла өсіру. Өзінің жылу оқшаулау қасиеттері бойынша шиншилланың терісі басқалардан кем түспейді. Шиншилла терісінен тігілген тондар сирек және өте қымбат, - дейді ауылдық жерде ерекше тышқан өсіріп отырған жас кәсіпкер.
Андрей грант қаражатына 12 шиншилла сатып алыпты. Бір тышқан үшін 49 мың теңгеден төлеген. Айтуынша, оның шиншиллалары «стандартты» деп аталатын тұқымға жатады. Енді олардың санын 500 басқа жеткізуді жоспарлап отыр.
Бір ересек шиншилланың нарықтағы құны – 55-65 мың теңге. Күшіктерінің өзі 50 мың теңгеден асады. Бірақ шиншилланың терісі өте қымбат. Олардың алақандай бір терісінің өзі 1 мың долларға жуық тұрады. Шиншиллалардың басы көбейді. Күшіктерінің бір бөлігін сатып, ауылда наубайхана ашып, қосымша кәсіпті бастадым, - дейді қарасулық кәсіпкер.