Халық пен салық: мобильді аударымды тексеру дегенді әлі түсінбегендер көп
Сіз басқа адамға мобильді аударыммен 100 рет ақша жіберсеңіз де бәрібір
Елімізде мобильді аударымдарды реттейтін заңның былтыр қабылданғаны мәлім. Онда «3 ай ішінде бір карточкаға – 100 аударым» деген критерий қойылған. Соны жұрт «100 аударым жасасақ болды, бас салып бәріміздің төлемді тексере жөнеледі екен» деген қауесет таратып жүр. Тоқтай тұрыңыз, бұл жаңа заң негізінен кәсіпкерлік қызмет белгілері бар мобильді аударымдарға салық салуға бағытталған. Толығырақ түсіндірсек...
Тұрақты кіріс қабылдап жатқандар – басты назарда
Егер мобильді аударымдар туған-туыс, таныс, әріптестер арасында жасалса, оған салық салынбайды. Өйткені ол кәсіпкерлік қызмет емес. Ал бизнесі бар адамдар кәсіпкерлік қызмет түрі бойынша тіркеліп, аударымдар үшін арнаулы шот ашуы керек. Сөйтіп ол табыстан салық төлеуге міндеттеледі. Егер азаматтың жеке банк шотына 3 айдың ішінде ай сайын 100 немесе одан көп адамнан ақша түссе, олар бақылауға алынады.
Айта кетсек, 2023 жылы Мемлекеттік кірістер комитетіне банктерден жеке шоттарына кәсіпкерлік қызметке байланысты ақша түсетін азаматтар туралы мәліметтер келе бастаған. Бұл ретте бақылау шаралары адал салық төлеушілерге әсер етпейді. Өйткені олар тек жасырын кірістер мен тіркелмеген кәсіпкерлерді анықтауға бағытталған.
Мысалы, қаңтар, ақпан, наурыз – үш ай бойы қатарынан 100 түрлі адамнан 100 аударым түссе, сол кезде ғана салық органдарына ақпарат келеді. Бірақ қаңтарда 100 адамнан ақша түсіп, қалған 2 айда одан аз түссе, ол азаматтарға түскен ақша аударымдары бізге келмейді. Міндетті түрде 3 ай қатарынан болуға тиіс. Сондай-ақ төлемдердің санына назар аударылады. Егер ай сайынғы 100 мобильді аударымның сомасы 3 айда 255 мың теңге болса, оны тексереміз», - деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Оның айтуынша, биыл 1 қаңтардан бастап жеке кәсіпкерлер жалпыға бірдей декларацияға кірсе, сол жеке кәсіпкерлер бойынша 2024 жылдың ақпаратын салық органдары 2025 жылы алады. Ондай ақпаратты мемлекеттік кірістер органдарына екінші деңгейлі банктер беруге тиіс.
Ал ақпарат келіп түскен жағдайда ол азаматқа неге тәуекел деңгейі тізіміне кіргізілгенін түсіндіреміз әрі бірден айыппұл салмаймыз. Бұл жерде қайырымдылық мақсатта ақша аударылды ма, қоғамдық шаралар болды ма, алдымен соны түсіндіріп беруін сұраймыз. Кез келген жағдайда әуелі оның нұсқасын тексеріп алып барып қана қорытынды шығарылады, – деді Ержан Біржанов.
Түлкібұлаңнан түк шықпайды
Қашқан түлкі қуған тазыны құйрығымен алдап соғуға тырысады. Өзі солға жалт бұрылып, құйрығын оңға қарай бұлғаң еткізіп, қарқынмен келіп қалған итті тұмсығымен жер сүздіріп, омақаса құлатпақ. Оның қасында адамнан айла артылған ба?..
Бір қызығы, биыл 1 қаңтардан бастап мобильді аударымдар тексеріле бастағандықтан, кәсіпкерлер тұтынушылардан банк арқылы ақша аударудың орнына теңгерім толтыруды ойлап тапқан.
Мобильді аударымды ұялы телефонға баланс арқылы қабылдау кейбір жеке кәсіпкерлердің ойлап тапқаны болуы керек. Әр тұтынушы оның ұялы телефон нөмірін теріп жатса, бұл – өте ыңғайсыз жағдай. Өзім тұтынушы ретінде баланс түрінде аударым жасамаймын. Банк картасы немесе QR арқылы төлеймін. Оның үстіне банк картасы немесе QR арқылы жасалған төлемге кешбэк беріледі, – дейді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Оның айтуынша, егер төлемді ұялы байланыс операторлары арқылы қабылдау әдісі кеңінен тараса, министрлік оларды бақылауды да іске асыра алады.
Сондай-ақ мобильді аударымдар тексерілетіндіктен, қазақстандықтар қолма-қол ақшаны жиі пайдалана бастаған. Бұл туралы Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықов айтты.
Ұлттық банктің мәліметінше, тауар сатушылар қолма-қол ақшаны жиі пайдалана бастаған. Қазір олай сауда жасауға көшкендердің бір бөлігінің шығынға ұшырап жатқаны түсінікті. Өйткені қарапайым тұрғындар электронды төлем жасауға әбден үйренген. Олар міндетті түрде қолма-қолма ақшасыз есеп айырысатын кәсіпкерлерге барады, - дейді ол.
Көрдіңіз бе, қанша жерден түлкібұлаңға саламын дегеніңізбен, одан түк шықпайды. Билік деген машина да әккі тазы сияқты. Аттаттырмайды. Сондықтан ақшаңызды адал тауып, табыс салығынан жалтаруды ойыңыздан шығарып тастасаңыз да кедейленіп қалмайсыз. Кәсіптің нәсібін көру үшін «алаған қолым – береген» деген ұстанымда болғаннан артығы жоқ.
Салық төлеудің өзі – елеусіз де ерен қызмет
Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтың айтуынша, бүгінде елімізде 1 млн 400 жеке кәсіпкер тіркелген. Бірақ оның жартысынан көбі салық төлемей жүр.
Оның ішінде 944 мың салық төлеуші нөлдік көрсеткішті көрсетті. Бұл – 67 пайызға тең. Ал 37 пайызы салық төлеп жүр. Ұлттық банктің дерегіне жүгінсек, банк карточкасы арқылы 55 трлн теңге аударылған, ал мобильді аударымдар айналымы – 80 трлн теңге. Алайда бұл қаржыдан салық төленбеген. Осылайша, жергілікті бюджетке шығын келіп жатыр, - деді вице-министр.
Ал сол жергілікті бюджеттегі қаржы әлеуметтік салаға жұмсалып, оған мектеп пен аурухана салынады. «Оған қатысымыз қанша?» деп ойлайтындар төмендегі уәжді мұқият оқып алсын...
БАҚ өкілдері, сіздерден халыққа ақпаратты дұрыс жеткізуді сұраймын. Біздің ең бірінші стейкхолдеріміз – халық. Оларға осы қызмет керек. Олардың балалары жарық, жылы мектепте оқып, сапалы ем алуы қажет. Егер жеке кәсіпкерлер осы 80 трлн теңгеден салық төлемесе, өзге әлеуметтің жағдайы қиын болады, - деді бізге Ержан Біржанов.
Солай қатаң қадағалап тұрудың нәтижесі де жоқ емес. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, мобильді аударымдарды тексерген соң әлгіндей салықты нөлдік көрсеткішпен жауып жүрген жеке кәсіпкерлер жынын алған бақсыдай тымпиып, көлеңкеден шыға бастапты.
Бүгінде адамдар мобильді төлемге қайта көше бастады. Биыл қаңтарда шамамен 75 мың, ал ақпанда шамамен 70 жеке кәсіпкер тіркелді. Қазір көлеңкеде жұмыс істеген адамдар қызметін заңдастырып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді, - деді министр.
Бұқаранікі – бос байбалам
Баса ескерер жайт, осы мобильді төлем мәселесі көтеріле бастағалы қарапайым халық «жаппай бәріміздің телефонымызды тексереді екен» деп бекер байбаламдап жүр. Қаржы вице-министрі Ержан Біржановтан ол жөнінде де нақты түсіндірме алдық.
Біз қарапайым қазақстандықтарды тексермейміз. Мысалы, сіз басқа адамға мобильді аударымдар арқылы 100 рет ақша жіберсеңіз де, сізді мазаламаймыз. Тағы қайталап айтамын, тек жеке кәсіпкерлерді – осы аударымдардан түскен ақшаны алатындарды тексереміз. Біз бақылауды осының негізінде жүргіземіз, - деп шегелеп тұрып айтты шенеунік.
Бұдан бөлек, Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Заңғар Шындали даяшылар мен такси жүргізушілерінің енді заңды бұзбай, қалай жұмыс істейтінін айтып берді.
Журналистер кейбір даяшылардың аударымдарды әлі де өз нөмірлеріне қабылдайтынын атап өтті. Осы орайда «Дәмханалар мен мейрамханалардың иелері осылайша табыстарын жасырып отыр ма?» деген сұрақ туындайды. Әсіресе ол аударымдарды үшінші тұлғалардың шоттарына қабылдау дұрыс емес. Бәлкім жасыру фактілері бар шығар. Өйткені даяшы мен мейрамхана иесінің кәсіпкерлік қызметінде ешқандай байланыс жоқ. Сондықтан бұл жерде алдымен төлемді POS-терминалдар арқылы немесе қолма-қол ақшамен төлеуді талап ету керек және түбіртек қажет», - деп жауап берді Заңғар Шындали.
Оның айтуынша, осылайша мейрамхана иесі өз қызметкерлерін тәуекелге ұшыратады. Өйткені аударымдарды тексеру кезінде даяшыларға мәселе туындауы мүмкін.
Сондай-ақ Заңғар Шындали QR-кодты терминалдары жоқ такси жүргізушілерінің қазір қалай жұмыс істеуі керектігін түсіндірді.
Біз талдау жасадық. Ол жерде ешқандай жасыру жоқ. Өйткені тұтынушының шотынан ақша алушының шотына есептен шығарылады. Ол жерде бақылау-кассалық аппарат қолданылады және барлық транзакциялар жазылады. POS-терминал қажет емес. Егер картада қаражат жеткіліксіз болып, сіз қолма-қол ақша төлесеңіз, онда бұл қосымшаның да осындай функционалдығы бар. Ол жүргізушіні алаңдатпай, автоматты түрде чектер шығарады және оларды тіркейді, – деді мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары.