Үкімет көмектеспесе, елдегі 543 мың көпбалалы ана тісін емдете алмайды
Мемлекет оларға қамқорлық жасап, жан-дүниесін аялап, денсаулығына баса мән беруге міндетті, - деді депутат
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Үкіметке көпбалалы аналардың тісін тегін емдеп беруді ұсынды. Оның айтуынша, экономиканы дамытатын басты қайнар көз – адам, сол адамды дүниеге әкелетін – әйелдер.
Мемлекет оларға қамқорлық жасап, жан-дүниесін аялап, денсаулығына баса мән беруге міндетті. Елімізде әйел босанғаннан кейін денсаулығын сақтау үшін қандай шаралар қарастырылған? Бала туғаннан кейін берілетін жәрдемақы бар. Оның мөлшері: 1-3 балаға – 140 мың теңге, 4 және одан көп балаға 232 мың теңге қарастырылған. Шындықты айтсақ, бұл – әйелге емес, баланың күтіміне берілетін сома, - деді Ерлан Сайыров.
Сондай-ақ ол шетелде бала күтіміне берілетін сома бұдан жоғары екенін атап өтті. Мысалы, Ресейде ана капиталының сомасы: бірінші балаға – 639 мың рубль (3 млн 195 мың теңге), екінші балаға – 883 мың рубль (7 млн теңге).
Елімізде ұзақ мерзімді демографияны дамыту стратегиясының басты аспектісі – лайықты ана капиталын қалыптасыру. Ана бала көтергенде, құрсақта баланың қалыптасуына кальциді көптеп жұмсап, өзінің тісінен айырылатыны – медициналық факт. 543 мың көпбалалы әйелдің барлығының басында бар зор проблема – тістің түсуі, - деді депутат.
Ал қазір елімізде стомотологияның бағасы күйіп тұр. Оған жалақысы көп, несиесі аз адам бармаса, бір тіс дәрігерінің алдына кіріп-шығу күнкөрісіңе көк тиын қалдырмайды.
Сондықтан бірінші кезекте көпбалалы аналарға тісін жөндеу үшін бірреттік қаржылық төлем қалыптастыру қажет. Бала тапқан әйелдердің денсаулығын қалыпқа келтіріп, ұстап отырудың мемлекеттік стандарттары керек, - деді Ерлан Сайыров.