Назарбаевтың қарындасы «Кенжехан» базарына иелік етіп келген
Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан
Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы – Әнипа Назарбаеваның айналасындағы адамдар Алматыда орналасқан «Барахолка» базарындағы әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев айтты.
Барахолкадағы саудагерлерден депутаттардың атына келген мына арызға сүйенсек, соңғы 10 жылға жуық уақытта «Кенжехан» базарының иесі Назарбаева Әнипа Әбішқызы болған делінеді. Оның жанындағы адамдар базардағы әр сауда орнын 10 мың долларға сатқан. Алайда сату-сатып алу жөніндегі келісімшартты жасамай, тек контейнердің паспортын берген. Ал келісімшарт талап еткен жандарды «біз базарға мәңгі иелік етеміз, уайымдамаңдар» деп қайтарған. Саудагерлердің дерегінше, аталған базарда мыңға жуық контейнер бар. Әрі қарай есебін шығара беріңіздер. Қолда бар арыздағы ақпаратқа сүйенсек, 2022 жылдың 4 сәуірінде «Кенжехан» базарының 100% үлесі «Митра консалтинг» ЖШС мен Розенберг Е.М. деген азаматқа өткен. Бұл базар 640 млн теңгеге сатылды делінеді», - деді депутат.
Оның айтуынша, кейін базардың жаңа қожайыны саудагерлерге «контейнерді 325 мың теңгеден сатып алыңдар» деген талап қойған. Осылайша, халық бір орынға 2 рет ақша төлеген.
Амалсыз ақшасын төлген жандарға тағы да сату-сатып алу туралы құжат берілмеген, тек «келісім» қағазы тапсырылған. Айтпақшы, келісімді сол базардағы нотаруисте жасауға міндеттеген. Ол үшін әр саудагер тағы 43 мың теңге төлеген. Сондай-ақ әр контейнердің иесінен айына 50 500 теңге ақы алынады деген жаңа талап қойылған. Мұны шағымданған ел айтып отыр. Бұл сорақылық емес пе? «Төлемесе контейнерлерді мөрлеп, жауып тастайды» деп ашынады жұрт, - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Осы орайда ол алматылық саудагерлердің 3 талабын жеткізді:
- Бір контейнерге 2 рет ақша төлеген жұрт бұрынғы немесе бүгінгі базар иесінен ақшасын қайтарып беруді талап етіп отыр. Бір сауда орнына 2 рет ақша төлеу ақылға сыймайды;
- Ай сайын қосымша қаржы жинау мен жұмыс орындарын мөрлеп, жауып тастауға қатысты әрекеттердің заңдылығын тексеріп, шара қолданылсын;
- «Кенжехан» базарын Алматыдағы мемлекеттік кірістер департаменті тексерген. Соның нәтижесін Қаржы министрлігіне ұсынсын.
Депутаттың дерегінше, Қазақстанда жыл басында 722 базар тіркелген. Ал сол базарлардың бәрінде заң үстемдігі толық сақталып отырғанына күмән бар.
Себебі басқа саудагерлерден де арыз-шағымдар келеді. Барахолкадағы «Рахат» және «Евразия» базарындағы саудагерлер де шағымын жеткізді. Сондықтан елдегі барлық базарды тексеру керек деп есептеймін, - деді Нартай Сәрсенғалиев.
Одан кейін журналистер Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтен Әнипа Назарбаева иелік еткен «Кенжехан» базарындағы тексерулер туралы сұрады.
Жазда «Кенжехан» базарының өкілдерімен кездестік. Шынында да бұл мәселе көтерілді. Коммуналдық тұрақ және контейнерлерді орнатуға заңсыз рұқсаттар берілген. Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдарға тапсырдық. Олар оны қарастырды. Шынында да келісімдер туралы мәселе бар. Бұл үшін ақша алған, – деп шындықты жасырмады министр.
Сондай-ақ ол мұндай мәселеде кәсіпкерлердің барлық тәуекелді түсініп, заң тұрғысынан сауатты болуы керектігін айтты.
Қоғамдық орынға контейнер қойып, шығынды талап етуге болмайды. Бұл алаяқтарға ақша бергенмен бірдей. Көшуге қатысты мәселеге келсек, тұрғындардың түсініспеушілігі базар әкімшілігіне жеткізілді, олар жағдайды шешуге уәде берді, - деді Арман Шаққалиев.
Алайда ол «Әнипа Назарбаева әлі күнге дейін «Кенжехан» базарының қожайындарының бірі ме?» деген сұраққа жауап бере алмады. Айтуынша, ол жөнінде тек Әділет министрлігіне сұрау жолдауға болады.
Біз субъектілерге емес, объектіге, алдымен инфрақұрылымның жай-күйіне назар аударамыз, - деп қысқа қайырды жауабын.