Ішкі нарықты қарық қылып алу үшін қант экспортына шектеу енгізілді
Жаз мезгілінде өзімізде де қант көбірек тұтынылады
Елден қант шығаруға уақытша шектеу енгізілді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі.
Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 11 маусымдағы №196 бұйрығымен 2024 жылғы 31 тамызға дейін ел аумағынан, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге қант әкетуге уақытша шектеу енгізілді, - делінген хабарламада.
Шектеу ел аумағы арқылы халықаралық қант транзитіне, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағы арқылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше бір мемлекеттің аумағынан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағына қант тасымалдауға қатысты қолданылмайды.
Бұйрық 2024 жылғы 14 маусымнан бастап күшіне енді.
Айта кетсек, жазғы кезеңде ішкі нарықта қант тұтынудың халық тарапынан да, индустриялық тұтынушылар тарапынан да өсуі байқалады. Осыған байланысты, қант әкетуге уақытша тыйым салу ішкі нарықты қамтамасыз ету және оның кері экспортын болдырмау мақсатында енгізілді.
Жалпы, қазір елдегі қор қант қызылшасының жаңа өнімі басталғанға дейінгі сұранысты қақанағаттандыра алады. Бұдан бөлек, отандық қант зауыттары өндіріс үшін үшінші елдерден қамыс шикізатын әкеледі. Ал ЕЭК аясында Қазақстан үшін биыл 300 мың тонна қант шикізатын бажсыз әкелуге квота келісілген. Соған сүйенген Ауыл шаруашылығы министрлігі өнеркәсіптік қайта өңдеу үшін шикізат әкелуге өтінімдер қабылдауға кірісті.