«Ерінбесең, табысты ететін кәсіп». Созақта тұтас бір отбасы автобөлшек құрастырады
Өз балаларымды ғана емес, ел балаларын да үйреткім келеді, - дейді темір ұстасы
Түркістан облысы Созақ ауданының тұрғыны Дінмұхамед Оспанов шағын шеберханасында автокөлік бөлшектерін құрастырады. Тұрмысқа қажетті бұйымдар жасап, темірден түйін түйеді. Бұл туралы 24.kz хабарлады.
Келген адамдар түн ортасы демейді, өздеріне қажет уақытында жонатын, сынып қалған заттарын алып келеді. Соны әйтеуір осы жерде өңдеп шығарып, жонып береміз. Мысалы, әкем менімен қоса бала-шағама да үйретіп жатыр. Бұл – жақсы кәсіп. Ерінбесең, табысты боласың, - дейді темір ұстасы Дінмұхамед Оспанов.
Шебер әкенің тәжірибесі талапты балаға азық болды. Бірлесіп атқарған тірліктің берекесі мол. Осылайша, техниканың тілін тапқан мамандар «талаптансаң, табысқа кенелесің» деп отыр. Сөйтіп, бұл отбасыда ұрпақтар сабақтастығы сақталған. Немерелері де темір ұстасы болуға машықтанып жүр.
Өз балаларымды ғана емес, ел балаларын да үйреткім келеді. Әрі қарай алып кетсе, бұл деген жақсы мамандық қой. Жұртқа көмектесесің. Жоқтан бар шығару керек. Киім сияқты бұны да «жеті рет өлшеп, бір рет кессең», есебінен нақты шығасың, - дейді темір ұстасы Бекмұханбет Оспанов.
Шебер алдағы уақытта қажетті құрал-сайманын түгендеп, кәсіпорынды кеңейткісі келеді. Себебі ауыл-аймақта токарьдың қыр-сырын жақсы білетін маман тапшы.
20-25 жылдай болды, бұл отбасымен көршімін. Жүгіріп келе саламыз, пышақтарды қайратамыз, күрек, кетпен, одан басқа, пеш бұзылып қалса да жөндеп береді. Көрші болғаннан кейін ақы алмайды бізден, - дейді Шолаққорған ауылының тұрғыны Нағима Байташова.
Биыл Созақ ауданында 45 азаматқа кәсіп бастау үшін қайтарымсыз қаражат берілген. Әлеуметтік осал топ пен көпбалалы отбасы мүшелеріне, мүгедектігі бар баланы асыраушыларға 1 миллион 380 мың теңге көлемінде грант тағайындалды. Сала мамандарының айтуынша, жыл сайын конкурсқа өтініш берушілердің қатары артып келеді.
4 лекте өтініш қабылданды. Жалпы, әр легте 16 азаматтан 45-і қамтылды. Тігіншілік жағы, қолөнер бұйымдарын дайындау, токарлық станоктар бойынша кәсіп ашқан азаматтар жетпей жатқан жабдықтармен қамтамасыз етілді, - деді Созақ аудандық «Мансап» орталығының директоры Елдос Дәулетбаев.
Өзін-өзі жұмыспен қамтыған ауыл азаматтарын мониторинг топтары бақылайды. Мамандар қайтарымсыз қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалап, кедергілерді бірлесіп шешуге қолдау көрсетеді.