800 мың теңгеге дейін жалақы алатын автобус жүргізушілері неге тапшы?
Қазіргі жүргізушілердің орташа жасы – 45 жас
Елімізде автобус жүргізушілеріне қойылатын талап жеңілдеуі мүмкін. Бұл туралы Көлік министрлігі мәлімдеді.
Қазір жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпорын өкілдері биліктен автобустарды жаңарту үшін шара қабылдауды, автобус жүргізушілері үшін қажет жұмыс өтілін азайтуды, D санатындағы жүргізуші куәлігін алу үшін жас көрсеткішін төмендетуді сұрап отыр. Ал оған қатысты заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.
Біз тамызға дейін мәселе түбегейлі шешіледі деп үміттенеміз. Автобус жүргізушілердің жасын 23-ке дейін төмендетіп, D1 санаты үшін жүргізуші өтіліне қойылатын талапты 3 жылдан 1 жылға дейін азайтамыз. Алайда мұнымен мәселе толық шешілмейді, дегенмен алғышарттар бар, - деді Көлік министрі Марат Қарабаев.
Сондай-ақ ол бұл мәселеге талдау жүргізілгенін жеткізді.
2014 жылға дейін D санаты бойынша 84 мың адам оқыған. Талап күшейгеннен кейін автобус жүргізушісіне оқитындардың саны 4 мыңға дейін азайды. Бұл – өте аз. Сондықтан Мәжіліс депутаттары мәселені түсініп, бізге қолдау көрсетеді деген үміттеміз, - деді министр.
Астанадағы City Transportation Systems (CTS) компаниясы да талаптың күшеюі салдарынан 500-600 мың теңге жалақы алатын жүргізушілердің табылмай кеткенін жеткізді. Компания мәліметінше, қазір елорданың автобус парктерінде 1 852 жүргізуші жұмыс істейді. Ал қаланың қажеттілігі 2 912 адамды қамтиды. Осылайша, жүргізуші құрамының тапшылығы – 1060 адам.
Жалақы көрсеткіші апатқа ұшырамай жүргізу, тұрақты жоспарды орындау, сондай-ақ қайта өңдеу үшін коэффициенттер түріндегі қосымша бонустарды ескере отырып ұлғаяды. Бонустарды ескерер болсақ, жүргізушілердің жалақысы 800 мың теңгеге дейін жетеді, – дейді CTS өкілдері.
Қазіргі жүргізушілердің орташа жасы – 45 жас. Ал 50-ден 65 жасқа дейінгі жүргізушілердің үлесі – 30 пайыздан асады. Тек 2 пайызға жетер-жетпесі – 25-тен 29 жасқа дейінгілер. Бұл көрсеткіш – алдағы 5-10 жылда жүргізуші құрамының үлкен тапшылығы болады деген сөз.