Кәсіпкерден 75 млн теңге пара алған салықшы сотталды
Күдікті кейін тергеу органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеу жарияланған
Батыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлады 24.kz.
Әкімшілендіру басқармасының 38 жастағы жетекші маманы «Сырым» өткізу пунктінен жүк көліктерін кедергісіз өткізгені үшін жергілікті кәсіпкерден 75 млн теңге пара алған.
Заңсыз әрекет 2021 жылғы желтоқсанда басталып, 2022 жылғы қыркүйекке дейін жалғасқан. Күдікті кейін тергеу органдарынан бой тасалап, халықаралық іздеу жарияланған.
Сот айыпталушыдан пара мөлшерінде қаржыны өндіріп, дүние-мүлкін мемлекет пайдасына тәркіледі.
Қылмыстық Кодекстің 366-бабы 4-бөлігі аса ауыр қылмыстар қатарына жатады. Сот жаза тағайындау барысында барлық жеңілдетілген және ауырлататын мән-жайларды ескеріп, сотталғанға 10 жыл бас бостандығынан айыруды қолданды. Сонымен қатар қосымша жаза, мүлікті тәркілеу де қолданылды, - деді БҚО Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Динара Ғилманова.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.