Үкімет диқандардан 31,3 млрд теңгеге бидай сатып алып отыр
Қазір жиналған өнім ұн түрінде экспортқа жөнелтуге жеткілікті
Үкімет резервінен отандық аграрийлерден 350 мың тонна 4-5-класты және классыз бидайды тікелей сатып алу үшін қаражат бөлінді.
Құжат мемлекет басшысының қолайсыз ауа райынан зардап шеккен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау бойынша жедел шараларды қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде қабылданған.
Аталған қаражат Азық-түлік корпорациясынан бөлініп отыр. Көлемі – 31 млрд 375 млн теңге.
Еске сала кетсек, былтыр егін орағы кезінде 16,9 млн гектар алқаптан дәнді және бұршақ дақылдары жиналған болатын. 9,8 ц/га орташа өнімділікте 16,6 млн тонна бидай, оның ішінде орташа өнімділігі 8,6 ц/га 11,5 млн тоннаға жуық астық бастырылды.
Сонымен қатар үздіксіз жауған жауын-шашын жұмыстың қарқыны мен өнім сапасына әсер етіп, шаруалар қиын жағдайға тап болған еді. Аталған жағдай ауыл тұрғындарының жиналған өнімді өткізуіне, сәйкесінше келісімшарттар бойынша міндеттемелерін орындауға кері әсер етті.
Қазір қалған көлем мен ішкі тұтынуды ескере отырып, жиналған өнім отандық нарықты қамтамасыз етуге және ұн түрінде экспортқа жөнелтуге жеткілікті.
Былтыр Үкімет аграрлық-өнеркәсіптік кешенді субсидиялауға барлық көзден 494 млрд теңге, оның ішінде Үкімет резервінен өсімдік және мал шаруашылығын субсидиялауға қосымша 60 млрд теңге бөлген болатын. Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 100 млрд теңге бағытталды.