Өскемендік әйелге бұрынғы жігіті қомақты несие алдыртып, қайтармай кеткен
Күдіктінің бұған дейін де осындай алаяқтықпен сотталғаны белгілі болды
Өскемен қаласының 27 жастағы тұрғыны ірі көлемдегі алаяқтықтың құрбаны болып, полицияға жүгінді. Айтуынша, одан бұрын бірге тұрған жігіті әртүрлі себептермен бірнеше рет ақша сұрап, уәде етілген мерзімде қайтаратынын айтқан.
Бастапқыда қаражат көлемі аз болғанмен, уақыт өте келе оның сұраған сомасы айтарлықтай ұлғайған. Жігітінің қиын жағдайына сенген әйел оған көмектесу үшін өз атынан бірнеше банктен несие рәсімдеген. Соның салдарынан келтірілген жалпы шығын шамамен 10 миллион теңгені қамтыған.
Қазір полиция алаяқтық фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Күдіктінің бұған дейін де осындай алаяқтық әрекеттері үшін сотталғаны белгілі болды.
Құқық қорғау органдары азаматтарға қаражатын қарызға беру мәселесінде аса мұқият болуды ескертеді. Тіпті бұл өтініш жақын таныстарыңыздан түссе де қаржылық шешім қабылдамас бұрын жан-жақты ойланып, тәуекелдерді бағалаңыз.
Егер күмәнді жағдайға тап болсаңыз немесе алаяқтық әрекеттің құрбанына айналсаңыз, дереу полицияға хабарласқан жөн.