Шамалғандағы Назарбаевтардың жер телімі 129 млн теңгеге өтпеді
Ол жерлер «қайтарылған активтерді басқару компаниясының» меншігіне өтті
Шамалған қаласындағы бұрын Нұрсұлтан, Болат Назарбаевтар тұрған 142,92 гектар жер учаскесі сатылымға шықты. Алайда оны 129 миллион теңгеге алатын ешкім табылмаған.
Ол жер учаскесін сату туралы хабарландыру мемлекеттік мүлік тізілімінде пайда болған еді. Ол маңда Нұрсұлтан Назарбаев дүниеге келген. Оған жақын жерде Болат Назарбаев тұрды. Сонымен қатар, бұл аймақта Нұрбол Назарбаевқа тиесілі басқа учаске де бар.
Алматы облысының Қарасай ауданындағы 142,92 гектар аумақ 6 желтоқсанда бастапқы бағасы 127 861 494 теңгемен саудаға шығарылды. Алайда кейін сайтта сауда-саттық болмағаны айтылды. Өйткені сату объектісі бойынша аукционның басында бірде-бір қатысушы тіркелмеген.
Қарастырылып отырған жерлер «қайтарылған активтерді басқару компаниясының» меншігіне өтті. Ал ол компания Қаржы министрлігі комитеттерінің біріне тиесілі. Сайттағы құжаттарда жерлерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 2022 жылы шектеу қойғаны айтылған.
Айта кетсек, Болат, Нұрсұлтан Назарбаевтар Шамалғанда дүниеге келген. Кейін сол аудандағы Назарбаевтар отбасына жылжымайтын мүлік пен жер учаскелері тиесілі екені белгілі болды.