Pinduoduo-ға тапсырыс: 900 теңгенің әмиянынан 32 500 теңге шықты (ВИДЕО)

Pinduoduo-ға тапсырыс: 900 теңгенің әмиянынан 32 500 теңге шықты (ВИДЕО) видеодан скриншот
bai-bol.kz bai-bol.kz | 5 желтоқсан, 2024

Қыз басында Қытай валютасының түпнұсқа немесе жалған екенін ажырата алмаған

Атыраулық қыз қытайлық Pinduoduo маркетплейсінен әмиянға тапсырыс беріп, олжалы болды. Ол әмияннан ақшаны қалай тауып алғанын желідегі парақшасында айтып берді.

Айтуынша, ол Pinduoduo-ға 900 теңгенің әмиянына тапсырыс берген. Әмиян келген соң ішіндегі қағаздарын алып, орнына ақша салып жатқанда ішінен 500 юань тауып алған. Алайда ол табылған Қытай валютасының түпнұсқа немесе жалған екенін ажырата алмаған. Сөйтіп рас-өтірігін білу үшін валюта айырбастайтын пунктке барған.

Ол валюта айырбастаушыдан оқырманның өтінішімен ақшаны ауыстырып жатқан сәтін видеоға түсіруге рұқсат сұраған.

Қыздың «Мұнда 500 юань. Өтірік не шын екенін қарап бересіз бе?» деген өтінішін жерге қалдырмай, ақша айырбастау пунктінің қызметкері оның түпнұсқа екенін айтып, есептеп берген. Нәтижесінде 500 юань 32 500 теңгеге бағаланды.

Достар, ақша шын болып шықты. Бірақ егер ол жалған болған жағдайда полиция қызметкерлерін шақырамыз деп алдын ала ескертті. Қатысың болмаса да тергеу жүргізіледі екен. Бірақ ақша шын болып шықты. 65 теңгеден қабылдап жатыр. Мінекей, 32 500 теңге! – дейді жолы болған қыз. 

Желі қолданушылары ойда-жоқта олжалы болған қызға қызығып, «Зауытта біреу ақшасын тығып, ұмытып кеткен ғой», «Алла несібеңізді Қытайдан жіберіп тұр», «Бәріміз әмиянға тапсырыс берейік» дегендей пікірлер жазып жатыр.