Астанада байлар мен кедейлер арасындағы табыс алшақтығы күрт өсті

Астанада байлар мен кедейлер арасындағы табыс алшақтығы күрт өсті bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 14 желтоқсан, 2024

Мұндағы табыс алшақтығы соңғы 15 жылдан бері ең жоғары деңгейге көтерілген

Биыл III тоқсанның қорытындысы бойынша Астанадағы ең бай 10% үй шаруашылықтарының орташа айлық табысы ең кедей 10% үй шаруашылықтарының табысынан 7,4 есе көп болды. Ол – сәйкесінше 64,3 млрд теңге және 8,7 млрд теңге, деп хабарлады DATA HUB.

Сарапшылардың айтуынша, Астанада табыс алшақтығы 2008 жылдан, яғни соңғы 15 жылдан бері ең жоғары деңгейге көтерілді. Алдыңғы тоқсанда бұл айырмашылық 5,7 есе болса, қазір 7,4 есеге артқан, - деп жазылған хабарламада.

Еліміздің басқа өңірлерімен салыстырғанда, Астанада байлар мен кедейлер арасындағы табыс алшақтығы орасан. Алматыда бұл айырмашылық 6,5 есені қамтыса, Қазақстан бойынша орташа көрсеткіш 6,3 есеге тең. Ал Шымкентте (3,2 есе) және Маңғыстау облысында (2,5 есе) табыс теңсіздігі ең төмен.

Астанадағы табыс теңсіздігін көрсететін Джини индексі де 2008 жылдан бері ең жоғары деңгейге жетіп, 0,334-ке тең болды. Сарапшылардың айтуынша, индекс мәні неғұрлым 1-ге жақын болса, табыс теңсіздігі соғұрлым жоғары болады, — деп жазылған хабарламада.

Бұл деректер Астанадағы әлеуметтік теңсіздіктің артуын, қоғамдағы табыс бөлінісіндегі теңсіздік мәселесін айқын көрсетеді.