Президент қазақ тілінің бизнес, ғылым, техника тіліне айнала бастағанын айтты
Тіліміздің тұғыры ешкімді мәжбүрлемей-ақ, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы нығаяды
Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу – мемлекеттік саясаттың басты бағыты. Бұл – біздің емес, президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөзі.
Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітап шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында, - деді президент.
Оның айуынша, тіліміздің тұғыры ешкімді мәжбүрлемей-ақ, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы нығая бермек.
Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек, - дегенді баса айтты Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда ол экономиканы дамыту үшін креативті индустрияның мән-маңызы зор екеніне тағы тоқталды.
Бұл – мемлекеттік тілдің болашағы үшін де өте маңызды. Қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс, - деді президент.