«Абайды танымай, Әуезовті оқымағандар ма?» - Байменовтің тоғызқұмалақ атауын өзгертуді ұсынған депутатқа жауабы
Қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз, - деді ол
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова Дүниежүзілік көшпенділер ойындары жақындап қалғанда «бүйректен сирақ шығарып», қазақтың ұлттық ойыны – «Тоғызқұмалақ» атауын өзгертуді ұсынды.
Вице-премьер, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық жөніндегі ұйымдастыру комитетінің төрағасы Тамара Дүйсеноваға жолдаған депутаттық сауалында ол сөзін «аса маңызды бір мәселе туралы айтқым келеді» деп бастады. Сондағы бар айтқаны:
Соңғы жылдары бұл ойын дамудың барынша жоғары сатысына көтерілгенмен, әлемдік деңгейде толықтай орнығуын тежейтін кедергілер бар. Соның бірі – атауы.
«Құмалақ» деген сөзден ұялғанға ұқсайды. Оны ауыстыруға балама да ұсынып көрді.
Ғалымдар мен зерттеушілердің пікірі бойынша, бұл ойынның жалпытүркілік атауы – тоғызат. Бұл туралы XIX ғасырда этнограф Григорий Загряжский еңбегінде ойынның атауын «тоғызат» деп жазған. Осылайша, тоғызқұмалақтың бұрынғы атауы «Тоғызат» екенін білдіретін Қарақалпақ және Қырғыз елдеріндегі ойындардың атауынан кездестіруге болады. Осы деректі ескеріп, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары басталғанға дейін жалпы түркіге ортақ зияткерлік спорт атауын «Тоғызат» ортақ нұсқамен қалыптастыру шараларын қолға алуды ұсынамыз. Бүкіләлемдік этноспорт конфедерациясы, Ұлттық спорт қауымдастығы, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының қатысуымен біріккен шешім қабылдағаны дұрыс болады, - деді Гүлдара Нұрымова.
Бірақ ондай шешім қабылдауды депутат дұрыс санағанмен, өзі атап өткен Қазақстан және дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациялары оған келіспейді.
Нұрымова этнограф Григорий Загряжскийдің жазбасын мысал етсе, федерация президенті Әлихан Байменов «Бұлар Абайды танымай, Әуезовті оқымағандар ма?» деп отыр.
Ғасырлар бойы халық пайдаланып келген төл атаудан жирену, қасиетті ұғымдарға немқұрайлы қараудың ұлттық құндылықтар аясында қоғамды ұйыстыруға бастамайтын іс екені сөзсіз. Көзі қарақты кез келген адам «Бұлар басқаны қойғанда, Абайды танымай, Әуезовті оқымағандар ма?» деп қайран қалған шығар. Бастамашылардың кімді оқитынын білмейміз, бірақ қағидалы ақиқатты түсінбейтіні анық, - деді Әлихан Байменов.
Оның айутынша, тоғызқұмалақ – ұлттың мыңжылдық тарихы бар зияткерлік ойыны. ЮНЕСКО оны адамзаттың мәдени мұрасы деп 2020 жылы мойындаған.
Тарихи, ғылыми дереккөздерде, көркем және ауыз әдебиетінде, ұлттың жадында ойын тек тоғызқұмалақ деп аталады. Ұлттық ойынның атауы Парламентке де, Үкіметке де, тоғызқұмалақ федерациясына да тиесілі емес. Ол еш адамның, не ұйымның меншігіне жатпайды. Ойынның да, оның атауының да иесі – қазақ халқы. Біздің перзенттік парызымыз – тоғызқұмалақты дамытып, қанатын кеңге жаю, - деді федерация президенті.
Біздіңше, сөздің тоқетері осы болды. Сондай-ақ Әлихан Байменов депутатқа берген жауабын ауыз толтырып айтарлық деректермен «тұздықтап» жіберді. Айтуынша, осы уақытқа дейін тоғызқұмалақтан 6 әлем чемпионаты өтіп, оған 25-30 ел қатысқан. Жаһанға танымал зияткерлік ойындар сайттарында тоғызқұмалақ көшбасшы орында. Қазақстанда 210 мың адам бұл ойынды түрлі деңгейде ойнайды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы тоғызқұмалақты дамытуға назар аударуы ортақ іске соны серпін берді. Біз әрі қарай да ұлттық мұраны насихаттап, дәріптеп, кеңірек таралуына жұмыс істейміз. Перзенттік парызымызды атқаруға ешкім кедергі бола алмайды. Қазақ барда тоғызқұмалақ дами бермек. Ұлт алдында зор міндеттер тұр. Азамат ретінде ел дамуының өзекті мәселелері бойынша жоғары мінберлерден келелі ой айтылғанын қалаймыз. Пікір алуандылығын сыйлай отырып, қасиетті құндылықтармен ойнауға болмайтынын мәлімдейміз, - деп салды сөз соңында Әлихан Байменов.