Инвесторлар Қазақстанда автобөлшектер өндірісін дамытуға ниетті
Қосалқы бөлшектерді Қытай мен Кореядан жеткізу де қарқын алады
Еліміздегі және шетелдік инвесторлар Қазақстанда автобөлшектер өндірісін дамытуға 410 млрд теңге бөлмек. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мәлім етті.
Көліктердің жергілікті үлесін дамыту үшін автокөліктің құрамдас бөліктерінің базасын дамыту керек. Қазір Қазақстанда газ шығару жүйелері, бамперлер, сэндвич-панельдер, полиуретанды төсеніштер мен пластмасса бөлшектер, мультимедиа, отырғыштар, дөңгелектер, шиналар, цилиндрлердің қақпақтары, механикалық беріліс қораптары, аккумуляторлар шығару жобалары іске асып жатыр, - деді Өнеркәсіп комитеті төрағасының орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев.
Оның айтуынша, еліміз 2024 жылы өндірілетін автокөліктердің жалпы көлемін 20%-дан 2027 жылы 50%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайтуды көздеп отыр.
Сондай-ақ Кореядан транзиттік тасымалдарды іске асыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Сеулде өткен жұмыс кездесуінде теміржол көлігімен тасымалдау процесін оңтайландыру мәселелері талқыланып, сондай-ақ Қытайдан транзиттік тасымалдарды дамытудың негізгі бағыты айқындалды.
Іс-шараны Қытайдың China Railway Container Transport Co. Ltd (CRCT) және Lianyungang Port Group (LPG) ірі компаниялары ұйымдастырды. KTZ Express АҚ тарапынан іс-шараға бас директордың логистика жөніндегі орынбасары Айбек Қапар қатысты. Ол қатысушыларды ТХКБ бойынша тасымалдау жағдайларына ерекше назар аудара отырып, Қазақстан аумағы арқылы жүк транзитінің ағымдағы мүмкіндіктерімен таныстырды.
Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан тарапы үшін Кореядан Орталық Азия елдеріне автокөліктің қосалқы бөлшектерін транзиттік тасымалдауды іске асыру туралы маңызды уағдаластықтарға қол жеткізілді. Енді KTZ Express АҚ CRCT және Hyundai және General Motors автокөлік концерндерімен бірлесіп, бөлшектерді жақын арада жеткізе бастауды жоспарлап отыр.
Алайда таяуда ғана сенатор Сағындық Лұқпанов бұл әрекеттің елімізде өндіріске қажетті шикізат тапшылығы бар екенін айқын аңғартатынын алға тартты.
Өңдеу өнеркәсібіне шикізат пен бөлшектер импортының көлемі 50 пайыздан асып отыр. Елден негізгі шикізат экспортталып, Қазақстанға қосылған құны бар тауарлар импортталады. Қазақстан елде өндірілетін алюминийдің 87 пайызын, мыстың 99 пайызын, қорғасынның 77 пайызын өңделмеген немесе бастапқы өңделген күйде экспорттайды. Бұл ретте отандық өңдеуші кәсіпорындар өндіріске қажет шикізат тапшылығын сезініп отыр. Ел импортының 40 пайызы машина жасау өнімдеріне тиесілі. Былтыр автокөліктер мен тракторларға арналған бөлшектердің импорты 50 пайызға жуық (1,1 млрд доллар), автокөлік кузовтарының импорты 51,3 пайыз (жалпы сомасы 1,6 млрд долларға шанақ әкелінді) өсті. Мұнымен қоса, ауыл шаруашылығында егін жинауға арналған машиналар мен механизмдердің импорты 2,5 есе артты, - деді депутат.
Оның айтуынша, қазір елдегі машина жасаудың ішкі нарығы отандық өндіріспен небәрі 13 пайыз ғана қамтамасыз етілген. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің биыл өндірілетін автокөліктердің жалпы көлемін 20%-дан (?) 2027 жылы 50%-ға дейін кезең-кезеңімен ұлғайтамыз деген деректі қайдан алып келтіргені түсініксіз.