Доллар 1000 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін - экономист

Доллар 1000 теңгеге дейін қымбаттауы мүмкін - экономист informburo.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 19 қараша, 2024

Қазір теңге рубльге қатты тәуелді

Экономист Сәбит Рысбаевтың айтуынша, теңге девальвацияға ұшырап, оның 1 долларға шаққандағы бағамы 1000 теңгеге дейін жетуі әбден мүмкін.

Демалыс күндерінен кейін Қазақстандағы америкалық валютаның бағамы қайта көтеріліп, қазір елдегі ақша айырбастау орындары 1 АҚШ доллары үшін 500 теңге сұрап отыр. Кейбір сарапшылардың айтуынша, төл теңгеміз құлдырауын жалғастырады.

Мәселен, экономист Сәбит Рысбаев Facebook-тегі парақшасында ұлттық валютаның болашағына қатысты ойын бөлісті. Ол қазақстандықтарды теңгенің кезекті девальвациясы күтіп тұрғанын және өз болжамдарында өткен тәжірибе мен әлемдегі қазіргі саяси-экономикалық оқиғаларға сүйенетінін алға тартты.

Девальвацияның бір ұшқынын көршілес Ресейден байқауға болады. Өткен айда Ресейдің орталық банкі өзінің негізгі мөлшерлемесін (Қазақстандағы базалық мөлшерлемеге ұқсас) 21 пайызға дейін – тарихтағы ең жоғары көрсеткішке көтерді. Мұның өзі ресейлік Үкіметтің долларды тежеу үшін байыпты шара қолдана бастағанын аңғартады.

Сонымен қатар кейбір сарапшылар жақын арада негізгі мөлшерлеме 23 пайызға дейін көтерілуі мүмкін деп болжайды. Алайда оны Қазақстанның экономикалық жағдайына оң әсер етеді деуге келмейді.

1998 жылы Ресейде девальвация болып, рубль 4 есе құнсызданды. 1999 жылы Қазақстанда президент сайлауы өтіп, одан кейін теңге 2 есе арзандады. 2014 жылы Ресейде рубль бір түнде 2 есе құнсызданды. Ал 2015 жылы Қазақстанда сайлау өтіп, теңге тағы да құлдырап кетті. Біздің теңге рубльге қатты тәуелді, сондықтан ресейлік валюта тағы 2-3 есе құнсызданса, Қазақстанда доллар 1000 теңге шегінен асып түседі, - дейді Сәбит Рысбаев.

Динар Мұрат