Астанада салық қызметкерінің үйінен 129 млн теңге тәркіленді

Астанада салық қызметкерінің үйінен 129 млн теңге тәркіленді ашық дереккөз
bai-bol.kz bai-bol.kz | 13 қараша, 2024

Оған мемлекеттік қызметте лауазым атқаруға өмір бойына тыйым салынды

Астана қаласында мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкеріне қатысты сот үкімі шықты.

Қалалық соттың шешімі бойынша, жанама салықтарды әкімшілендіру басқармасы бөлімінің басшысы Р. Төлегенов пара алғаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, оған мемлекеттік қызметте белгілі бір лауазымдарды атқаруға өмір бойына тыйым салынды.

Сот анықтағандай, Төлегенов жеке компания директорынан қосымша құн салығының (ҚҚС) артық төленген сомасын қайтару үшін 3,6 миллион теңге көлемінде пара алған. Бұл сома қайтарылуға тиісті 36 миллион теңгенің 10 пайызын қамтыған. Тергеу барысында антикор қызметкерлері оның үйін тінту кезінде 129 миллион теңге көлемінде қолма-қол ақшаны тәркілеген, – делінген хабарламада. 

Төлегеновтің адвокаттары сотқа шағым түсіріп, жазаны жеңілдетіп, айыппұлмен алмастыруды сұраған. Алайда апелляциялық сот бірінші инстанцияның үкімін өзгеріссіз қалдырды. Сот қызметкердің жасаған әрекеті салық органдарының беделіне нұқсан келтіріп, мемлекеттік қызметке деген сенімді әлсіреткенін атап өтті.

Бұл іс мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі қатаң ұстанымын тағы да көрсетті және мемлекеттік қызметкерлерге жауапкершілік жүктелетінін ескертті.

Үкім заңды күшіне енді.