Ауыл халқының табысы тамағынан артылмайды
Бізде Балтық жағалауы елдеріне пара-пар жер бос жатыр
Қазір елімізде ауыл шаруашылығы саласындағы табыс орташа айлықтың жартысына да жетпейді екен. Қымбатшылық қысып, агросектордың «тамырына қан жүгірмей» тұрған кезде бұл мәселе де жығылған үстіне жұдырық болып отыр.
Еңбекақы 2 есе аз
Нақты айтқанда, агросектор жұмысшылары табысты елдегі орташа айлықтан 2 есе аз тауып отыр. Ал балық шаруашылығының мамандары тіпті 3 есе аз айлық алатын болып шықты. Сөйте тұра, Қазақстанда ауыл шаруашылығы, орман және балық шаруашылығы саласындағы кәсіпорындардың саны 9,5 пайыз, яғни 15,3 мың компанияға дейін көбейген. Бұл салаларда 70 мыңға жуық адам еңбек етіп жүр. Олардың 56,6 мыңы өсімдік және мал, аң шаруашылығы саласында екен. Қалған 2,1 мың адам орман шаруашылығы мен ағаш дайындау ісімен айналысса, 0,4 пайызы ғана балық шаруашылығы саласында жүр.
Бұл ретте ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы жұмысшылардың көбі Қостанай (13,2 мың адам), Солтүстік Қазақстан (10,2 мың адам) және Ақмола (8,5 мың адам) облыстарында тіркелген. Қалған өңірлердегі сала мамандары 0,5-6 мың адам аралығында.
Жалпы, агроөнеркәсіп кешенінде ең жоғары айлықты орман шаруашылығы мен ағаш дайындау ісі саласындағы жұмысшылар алады. Олардың орташа айлығы – 128 мың теңге. Одан кейінгі орындарда бір айдағы орташа табысы 115,9 мың теңгеге жеткен өсімдік, мал және аң шаруашылығы тұр. Ал балық шаруашылығының қызметкерлері бар-жоғы 81,1 мың теңге тауып, агроөнеркәсіп саласында табысы жөнінен аутсайдер болып қалды. Ал мұндай жағдай өз кезегінде сала мамандарының ғана емес, тұтас ауыл тұрғындарың әл-ауқатына әсер етеді.
Тұрғындардың әл-ауқатына қатысты мәселе Парламент мінберінде де көтерілген болатын. Депутаттар қазіргі айлық төлеу жүйесін толықтай қайта қарау керектігін ескертіп, Үкіметтің назарын халықтың шынайы табысы ресми мәліметпен сәйкесе бермейтініне аударды. Олардың пікірінше, Үкімет айтып жүрген орташа айлық жалақы мөлшері – жай ғана математикалық есеп және елдегі шынайы жағдаймен сәйкес келмейді. Бай мен кедейдің арасы күн санап алыстап барады. Табысы төмен, түтіні түзу ұшпайтын тұрғындар мен жоғары жалақы алатындардың арасындағы айырмашылық – жер мен көктей. Қала мен ауыл тұрғындарының табысы да екі түрлі. Ал халыққа нақты нәтиже керек, тұрмысының түзелгенін нақты сезінуге тиіс.
Ауылдан жастар неге кетеді?
Қазір ауылдан үдере көшіп жатқан жастар өз болашағын қаламен байланыстырады. Өйткені үлкен шаһардың мобильділік, балабақша, мектеп, әкімшілік пен медициналық қызмет бойынша инфрақұрылымы жақсы дамыған. Ал көп ауылдың жағдайы кісі қызығарлықтай емес. Ондай жерде жұмыс істеуге жастарды күштеп көндірудің нәтиже бермесі анық.
Сондықтан алдымен ауылдағы жас маманға лайықты жағдай жасалуға тиіс. Шалғай елді мекендерде жаңа кәсіппен айналысу үшін оларға жеңілдетілген несие беріп, мемлекет тарапынан субсидия бөлуді қарастырған жөн. Әйтпесе, Ғылым және жоғары білім министрлігі ауыл шаруашылығы мамандығын бітіріп шыққан студенттердің 68 пайызы ғана жұмысқа орналасып, қалғаны қаладан өзге саланы таңдайтынын жеткізіп отыр.
Ал республика бойынша агросекторға 3 мыңға жуық маман қажет. Фермерлер «ауылда қарапайым техника айдайтын адам жоқ» деп дабыл қағып отыр. Мысалы, «Атамекен» ҰКП мамандары шекарада кәсіп ашуға барлық жағдай жасалғанын, соған жастар үшін 5 жылға өңірлік бағдарлама қабылдау керектігін айтып отыр. Себебі Ресеймен шекаралас өңірлерде ресейлік облыстар нақты саясат жүргізіп жатқан көрінеді. Олар біздің 9, 10, 11-сыныптарда оқып жүрген, түрлі олимпиадаларда көзге түскен оқушыларды өздерінде оқуға шақырып, жағдай жасай бастаған.
Шетелдіктерден үлгі алсақ игі
Саясаттанушы Әзімбай Ғали ауылдарда фермерлік шаруашылықтарды дамыту керек екенін айтады. Америкалық үлгінің ұтымды екенін негізге алған ол, АҚШ-та жалдамалы жұмысшылар Латын Америкасы мен Мексикадан келіп еңбек ететінін еске салды. Сол сияқты, бізде де ортанқол фермерлерді көбейтіп, индустриялды үдерістерге жол ашудың мүмкіндігі мол. Ал жойылу алдында тұрған ауылдарда кемінде 3-4 фермерлік қожалықты дамытса жеткілікті. Ол үшін олигархтардың меншігіндегі жерлер шаруаларға берілуге тиіс.
Ал «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КЕАК басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбековтің айтуынша, жоғары оқу орындарын жыл сайын 5 мыңға жуық түлек бітіріп шыққанмен, солардың ешқайсысы ауылға қайтпайды екен. Сондықтан салаға маман дайындауда мемлекет есебінен беріліп жатқан гранттық жүйеден несиеге оқытуға ауысуды қарастыру қажет-ақ.
Польшада университетке қабылданғаннан кейін өтініш беруші, университет, Білім министрлігі мен жұмыс беруші арасында төртжақты келісім жасалады. Оқуды бітіргеннен кейін түлек мамандығы бойынша кемінде 5 жыл жұмыс істеуге міндетті. Бізге де осындай жүйе керек. Себебі жыл сайын бюджеттен студенттің оқуына деп қаражат жұмсалады. Егер несиелік жүйеге оқып шыққан түлек ауылға барып жұмыс істеуден бас тартса, несиесі коммерциялық несиеге айналып, оны қайтаруға міндетті болар еді, – дейді ол.
Сондай-ақ Неміс экономикалық зерттеулер институты жүргізген зерттеу жұмысы немістердің жыл сайын қаладан көшіп жатқаны туралы түйін жасапты. Бірақ оларда да жастардың туған жеріне тұрақтамауы басты проблема көрінеді.
Ауылдан әсіресе жастар қашады. Сол себепті мамандар жетіспейді, туу азайды, - депті Дрезден экономика институты зерттеу жұмысының жетекшісі Феликс Рёзель.
Ол жақтағы ауыл тұрғындары өлім санының жоғарылығы сондай, дүниеден озған қарттардың орнын толтыру үшін жастар тарапынан сонша деңгейдегі иммиграция қажет екен. Қазір Германия билігі соған күш салып жатыр.
Нидерландта, керісінше, жастарды ауылда ұстау үшін 35 жасқа дейінгі фермерлерге несиені ең төменгі пайызбен береді. Мемлекеттің қаржылай қолдауынан кейін жас маман агросекторда жұмыс істеуге ниетті. Осы жүйенің арқасында алақандай ғана мемлекет дүниежүзінде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі бойынша 2-орынға шыққан.
Сондықтан экономист Рахман Алшанов бізде де ауылдан шағын кәсіпорындар ашып, инфрақұрылымды дамыту қажеттігін алға тартып отыр. Оның айтуынша, байырғы мәдениеті ауыл шаруашылығына, аграрлық өнеркәсіпке тәуелді болып қалған елдерде мұндай үрдістер қызу жүріп жатыр. Оған Аустралия, Бразилия, Жаңа Зеландия елдерін мысал етуге болады.
Айталық, заманауи жетілген, жаңа технологиялармен қамтылған аграрлы Аустралияның 5-7 пайыз тұрғыны тұтас бір елді ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр. Ал Қазақстанда соңғы санақ бойынша ауыл халқының саны – 40-42 пайыз шамасында. Жерді латифундистер иеленгендіктен, тұрғындардың 99 пайызының жері жоқ көрінеді. Қазір космомониторинг бізде Балтық жағалауы елдеріне пара-пар жердің бос жатқанын анықтап отыр.
Латифундистерге осыны ашып айтатын кез келді. Оны батырып айтуға тиісті орындар қауқарсыз болып отыр. Мемлекеттен «жер жоқ, барлығы жекеменшікте» деген желеуді жиі естиміз. Ал шетелдіктер алатын кезде жердің табыла кететіні тағы бар, – дейді саясаттанушы Расул Жұмалы.
Сол себепті таяу жылдарда ауыл тұрғындарының саны тағы 20 пайызға дейін төмендеп кетуі ықтимал.
Өйтпес үшін мал, егін шаруашылығы, мақта, күріш өсірудегі байырғы дәстүрді жандандыра отырып, ауыл тұрғындарына жерді игеруге толық жағдай жасау қажет, – дейді сарапшылар.