Астанада бір баланы мектепке дайындау қанша тұрады? - репортаж
Отандық өнімді ұсынып отырған компания биыл бағаны көтермеген
Жаңа оқу жылының басталуына аз ғана уақыт қалды. Қазір ата-аналар балаларына мектеп формасын, кеңсе тауарларын және өзге де заттарды сатып алуға кірісіп кеткен. Әдетте мұндай тауарлардың түр-түрі мектеп жәрмеңкелерінде ұсынылады. Биыл елордада мектеп жәрмеңкелері аз ұйымдастырылып жатқан жоқ. Оның бірі ЕХРО халықаралық көрме орталығының алаңында өтіп жатыр. Kazinform агенттігінің тілшісі жәрмеңкеге арнайы барып, сатушылармен және ата-аналармен сөйлесіп, баланы мектепке дайындау қанша тұратынын анықтауға тырысқан.
Астана тұрғыны Әсем Құрманғалиеваның екі баласы биыл 5-сыныпқа барады. Ол жыл сайын мектеп шығындарының сметасын жасауды әдетке айналдырған.
Кеңсе тауарлары рюкзакпен бірге бір балаға 15-16 мың теңгеге шығады. Дәптерлердің бағасы әртүрлі, бір жерде 5 теңгеден, тіпті, 50 теңгеден сатылып жатыр. Рюкзактардың бағасы 6 мың теңгеден басталады. Балалардың жасы ұлғайған сайын заттарды таңдап, жаңартуды өтінеді, - дейді Әсем Құрманғалиева.
Оның айтуынша, биыл кеңсе тауарларының бағасы өткен жылдың деңгейінде екен. Бірақ мектеп формасы айтарлықтай қымбаттаған.
Бір балаға, мейлі ұл, қыз болсын, бір мектеп формасының жиынтығы 25 мың теңгеден басталады. Оған көйлек, юбка, шалбар кіреді. Киімнің бағасы 5-6 мың теңгеге өскенін аңғарып отырмын, - деді ол.
Мектеп киімдерін Түркиядан жеткізетін сатушылар да бағаның өскенін растап отыр. Мұны олар доллар бағамының өзгеруімен байланыстырады.
Бағалар сәл көтерілді. Себебі доллар бағамы бізде де, Стамбулда да өсті. Десе де біз заттардың бағасын қолжетімді қылуға тырысамыз. Кейбір отбасыда бірнеше оқушы бар болғандықтан ата-аналарға қиын. Сондықтан жеңілдіктер жасауды естен шығарған емеспіз. Бағалар ең көп дегенде 2 мың теңгеге өсті. Әдетте ата-аналар дүкенге келіп, баланы 50 мыңға киіндіреді. Мұндай жағдайда біз рюкзакты тегін береміз, - дейді Динара Мұқаш.
Ол биыл аяқ киімнің әлдеқайда арзан екенін алға тартып отыр. Мәселен, былғары аяқ киімді 15-18 мың теңгеге сатып алуға болады екен.
Мектеп киімін Түркиядан жеткізетін тағы бір сатушы Наталья Мельникова мамыр айында тауардың бағасы арзан болған кезде сатып алыпты. Сондықтан бағаны тек 500-1000 теңгеге ғана көтерген.
Егер мектеп тауарын, жалпы кез келген затты сұраныс төмен кезде сатып алсаңыз, тиімді болады. Мен тауарды мамырда сатып алдым. Ол кезде доллар бағамы қалыпты болған еді. Қазіргі доллардың бағамымен есептесек, белгілі бір заттарға 500-1000 теңге ғана қосылып отыр. Мысалы, былтыр жейделер 6 мың теңгеден, ал биыл 6,5 мың теңгеден сатылып жатыр. Бірақ қыркүйекке таяу сатып алсаңыз, қымбатқа түседі. Себебі біз доллар бағамына тәуелдіміз, - деп түсіндірді Наталья Мельникова.
Өз кезегінде отандық өнімді ұсынып отырған сатушы-кеңесші Елена Кирьякова өз компаниясының биыл бағаны көтермегенін айтты. Ол көбіне баласын 1-сыныпқа беретін ата-аналар тұрақты клиентке айналғанын, бір балаға мектеп формасының толық жиынтығы шамамен 38 мың теңге шығатынын жеткізді.
1-сынып оқушысы үшін юбка – 9 600 теңге, жилет – 9 600 теңге, бомбер – 12 900 теңге, галстук – 1 300 теңге және көйлек 4 500 теңгеден сатылады. Барлығы – 37 900 теңге. Біз көбіне 1-сынып оқушыларына киім ұсынамыз, - дейді ол.
Отандық өндіруші аз қамтылған отбасылардан шыққан, мүмкіндігі шектеулі балаларға, сондай-ақ 3 немесе одан да көп баланы киіндіретін ата-аналарға 20% жеңілдік ұсынатынын айтты. Биыл су тасқынынан зардап шеккендерге де 20% жеңілдік қарастырылғанын атап өткен жөн.
Айта кетсек, елорда әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан «Kids EXPO. Балалар әлемі» жәрмеңкесінде аз қамтылған отбасылардан шыққан 40 оқушыға рюкзактар тегін берілді. Мұндай көмекті 3 бала тәрбиелеп отырған Рахия Нұрлыбаева алды. Оның айтуынша, бір баланы мектепке даярлауға мектеп формасы мен оқу құралдарын қоса алғанда, шамамен 60 мың теңге жұмсалады. Үш балаға жыл сайын шамамен 150-160 мың теңгесін санап береді екен.
Астананың тағы бір тұрғыны Құралай Ілиясова жыл сайын баласын мектепке дайындауға 100 мың теңге жұмсайтынын атап өтті.
Еске сала кетсек, 1-31 тамыз аралығында Астананың әр түкпірінде мектеп жәрмеңкелері өтіп жатыр.
Атап айтқанда, олар:
- «Аймақтау» СҮ, 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 9:00-20:00 аралығы;
- «Тұлпар» СҮ, 1 тамыздан 5 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-21:00 аралығы;
- Magnum супермаркеті (Тұран даңғылы, 55Д), 3 тамыздан 1 қыркүйекке дейін тәулік бойы жұмыс істейді;
- «Анвар» супермаркеті (Тұран даңғылы, 45), 3 тамыздан 1 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 9:00-22:00 аралығы;
- «Тұмар» СҮ (Сығанақ көшесі, 1Б), 1 тамыздан 15 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;
- «Сарыарқа» ОСО (Тұран даңғылы, 24), 15 тамыздан 1 қыркүйекке дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;
- «Рахмет» СО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;
- «Джафар» СО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-22:00 аралығы;
- «Көктал» ОСО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-20:00 аралығы;
- «Әсем» СО, 5 тамыздан 31 тамызға дейін, жұмыс уақыты сағат 10:00-20:00 аралығы;
- Astana Mall ОСО, 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз күндері, жұмыс уақыты сағат 10:00-17:00 аралығы;
- «Аружан» ОСО, 3, 4, 10, 11, 17, 18, 24, 25, 31 тамыз күндері, жұмыс уақыты сағат 10:00-17:00 аралығы.
Сондай-ақ Астанада 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жетім балаларды, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балаларды мектепке дайындауға көмек көрсетуді мақсат еткен «Мектепке жол» акциясы жалғасады.