Беташардың көрімдігін асаба алмауы керек – сарапшылар пікірі
Қалталы азаматтардың ақша салудан жарысатыны да ерсі
Соңғы уақытта беташар жасау бизнеске айналып бара жатқандай. Қайда барсаң да көрімдік салардағы бәсекелестік трендке айналған, деп хабарлады «Астана» телеарнасы.
Дәстүрлі әнші Жаһангер Алдан айына кемінде 15 келіннің бетін ашады екен. Айтуынша, халықтың өзі шоу қылып өткізуді сұрайтын көрінеді.
Бәсекелестік қатты болып кеткен. Кей уақытта біз бет ашып жатқан кезде бірінің атын айтып жатсақ, бірі келіп көбірек ақша салып, одан асырып ақша салып жатады. Шоу бағытты жалпы халық қолдайды. Ол қазір заман талабына сай болғандықтан, кейде беташарымыздың бағасынан 2-3 еселеп беріп жататын кездер болады, - дейді ол.
Ал мәдениеттанушылардың айтуынша, қалталы азаматтардың жарыса ақша салып жататыны дұрыс емес. Ежелден келе жатқан дәстүріміздің бағыты басқа.
Жалпы, беташардың маңызы, құндылығы – сол бетті ашқан ақын келінге көптеген ақыл, нақыл айтады. Ал қазір астамгершіліктер болып жатыр. Оны тойда көреміз. Кейбіреулер тоқтап тұрып алады да бір ақшаны, екінші, үшінші ақшаны салады. Енді ол – мақтангершілік, - дейді мәдениеттанушы Бердалы Оспан.
Сондай-ақ көп жерде келінге берілген көрімдікті асаба иеленеді. Ақын Нұрлан Қалқа бұл шаңырақ көтеріп жатқан жастардың еншісі болуға тиіс деген пікірде.
Ол енді асабалардың өресіне байланысты деп ойлаймын. Дәстүрімізді сақтауымыз керек. Ақшаға құнығушылық дұрыс үрдіс емес деп ойлаймын. Осыны тыюуымыз керек, - дейді ақын.
Әрине әр дәстүрдің мәйекті мәні, мәуелі мағынасы бар. Тек беташардың қадірін кетірмей, құнын аласартпай, келер ұрпаққа бұзылмаған түрде жеткізу – парыз.