«Келешек» шотына ақша салып отырмасаңыз, қаржы мемлекетке қайтарылады

«Келешек» шотына ақша салып отырмасаңыз, қаржы мемлекетке қайтарылады bai-bol.kz
bai-bol.kz bai-bol.kz | 13 қараша, 2024

Бағдарлама заңға қол қойылған кезде 5 жасқа толған балаларға ғана қатысты болады

«Келешек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша баласының жоғары білім алуына ақша жинағысы келетін ата-аналар шотқа жылына кемінде 12 АЕК (44 304 теңге) салуға міндетті. Әйтпесе мемлекет ақшасы Қазақстан бюджетіне қайтарылады.

Жоғары білім және ғылым вице-министрі Талғат Ешенқұлов бағдарлама бойынша баласын оқытқысы келетіндер тым болмаса жыл сайын ақша салып тұруы керек дейді.

Келешек жүйесінде мемлекет сыйлықақысын және бастапқы жарнаны (60 АЕК) ұстап тұру үшін ата-аналар есепшотты міндетті түрде жыл сайын кемінде 12 АЕК-ке толтыруы керек. Бұл талап орындалмаса, мемлекет шотынан аударылған барлық қаражат мемлекетке қайтарылады. Осылайша, келісімшарт бұзылады, – деді Талғат Ешенқұлов.

Алайда «Келешек» мемлекеттік бағдарламасы Қазақстанда әзір жұмыс істей қойған жоқ. Ол туралы заң жобасы әлі Мәжілісте қаралып жатыр.

Заң қабылданса, мемлекет әрбір 5 жастағы қазақстандыққа есепшот ашып, оған 60 АЕК (221 520 теңге) салады. Ата-аналар өз қалауы бойынша шотты толтыра алады. Бағдарламада 5-7 пайыз көлемінде мемлекеттік сыйлықақы мен инвестициялық кіріс қарастырылған. Ең аз жарнамен, мысалы, айына 1 АЕК (3 692 теңге) көлемінде азамат кәмелет жасқа толғанға дейін оның шотында 3 миллион теңгеден аса қаражат қалады.

Мемлекеттік бағдарлама заңға қол қойылған кезде 5 жасқа толған балаларға ғана қатысты болады. Мемлекет одан үлкен балаларға шот ашпайды. Яғни 5 жастан асқан балалар «Келешек» бағдарламасы бойынша бастапқы капиталды ала алмайды.

Жоғары білім алуға қажетті соманы жинақтау үшін орта есеппен 13 жыл қажет. 

«Келешек» бағдарламасы аясында баланың арнайы шотына мемлекет 60 (221,5 мың теңге) немесе 120 АЕК (443 мың теңге) аударады. Сома балалардың ата-анасының бар-жоғына байланысты.

Ақша 5 жылдан кейін көбейеді, 5-7% жылдық мемлекеттік сыйлықақы мен инвестициялық кіріс жүреді.