Кәсіпкер Алмасбек Садырбай 1,2 млрд теңге жымқырды деген күдікпен ұсталды
Ал сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отыр
Қаржы мониторингі агенттігі Алматы облысында «Шаңырақ» бірлестігінің жетекшісі Алмасбек Садырбайдың ұсталғанын мәлімдеді. Ол мемлекеттен субсидия алатын жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін басқарған. Келтірілген шығын көлемі 1,2 миллиард теңгеден асады.
Ол өзі басқаратын адамдар тобымен Балқаш, Еңбекшіқазақ, Кеген, Райымбек және Ұйғыр аудандарында жалған ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрды деген күдікке ілінді.
Негізгі мақсаты ұсақ малдың аналық басын ұрықтандыруға субсидияларды заңсыз алу және жемшөп шығындарын өтеу болған. Ол үшін заңнамаға қайшы, ауыл шаруашылығы жерлері жоқ шаруа қожалықтары тартылған.
Бұдан әрі жалған кадастрлық нөмірлерді көрсете отырып, дәйексіз мәліметтерді қамтитын субсидиялар алуға өтінімдер қашықтан берілді. Бұл ретте ауыл шаруашылығы кооперативтері басшыларын хабардар етпей, олардың ЭЦҚ-сы пайдаланылды. Осылайша, 1,2 миллиард теңгеден аса қаражат ұрланған, – делінген хабарламада.
Алмасбек Садырбайдың сыбайласы тергеу сотының санкциясымен үй қамауында отыр.
Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына («Жерге заттай құқықты бұзу») сәйкес, өзге мәліметтер жария етуге жатпайды.