Елімізде сауда нысандары кәсіпорындардан 2 есе көп салынып жатыр
Мамандар өнеркәсіпке инвестиция салу қымбатқа түсетінін айтады
Қазақстанда сауда нысандары өнеркәсіптік кәсіпорындардан 2 есе көп салынып жатыр. Биыл 2 мыңнан аса тұрғын емес үй-жай іске қосылса, оның 7 пайызы ғана өнеркәсіп кәсіпорындары. Экономистер бұл үрдістің экономикаға қауіп төндіретінін айтты. Бұл туралы 31 арна хабарлады.
Мамандар 4 жыл бұрын өнеркәсіптің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3/1 болса, бүгінде 27 пайызға дейін төмендегенін айтады. Бұл ретте өнеркәсіп негізінен тау-кен саласы есебінен өсіп жатыр.
Рудалар мен түсті металдарды өндіру экономикаға көп қаржы әкеледі. Ал жеңіл өнеркәсіп аз ғана үлесті алады. Себебі Қазақстан ірі елдердің шеңберінде орналасқан. Онда тауарлардың басым бөлігі бізге қарағанда арзанырақ. Тіпті логистиканы ескерсек, олардың жергілікті нарықтағы бағасы отандық өнімнен төмен.
Ірі қалалар – Алматы мен Шымкент негізінен саудамен айналысады. Мен концентрация индексі тек сауданы қамтиды деп айтпаймын, бұл – әртараптандырылған құрылым. Бірақ негізгі драйвер сауда саналады. Екінші жағынан, бұл саудада отандық өнімнің үлесі қандай деген мәселе туындайды, – дейді экономист Жәнібек Айғазин.
Мамандар өнеркәсіпке инвестиция салу қымбатқа түсетінін айтады. Ұзақ уақыттан кейін ғана өзін-өзі ақтайтын өндіріс орнын іске қосқаннан сауда орталығын салу арзанырақ.
Бөлшек сауда объектілерін жалға беру белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Олар әртүрлі көлемде болуы мүмкін. Өнеркәсіптік нысандар көп капиталды қажет етеді. Ондай жағдайда тек кеңістік емес, жабдық қажет. Себебі негізгі шығындар жабдық пен технологиядан келеді, – дейді TALAP қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Асқар Қысықов.
Дегенмен қарқынның баяулауына қарамастан, өнеркәсіпке айтарлықтай инвестиция құйылып жатыр. Өйткені экономиканың осы секторы шешуші рөл атқарады.