Қарағандылық шаруалар қойдың 1 млн тонна жүнін қоқысқа тастауға мәжбүр
Жеңіл өнеркәсіп ақсап тұрғандықтан шикізат босқа рәсуа болды
Қарағанды облысында қойдың 1 миллион тонна жүні кәдеге аспай, құр босқа жатыр. Өнімді өткізе алмаған шаруалар оны өртеп жіберуге мәжбүр, деп хабарлады qazaqstan.tv.
Қанат Отарбаев 25 жыл бойы асылтұқымды қой өсіріп келеді. Бүгінде биязы жүнді қой 10 мыңға жуықтаған. Биязы жүн – кілем, тоқыма өнеркәсібіне таптырмас шикізат. Бірақ сұраныс атымен жоқ. Тіпті алыпсатарлар да биыл төбе көрсетпеген.
Қойдың негізгі өнімдерінің бірі – жүн. Сол жүнге қазір сұраныс жоқ. Қолымыздағы жабағы жүн – көктемгі қырқымдікі. Осы күнге дейін сұраушысы да, алушысы да жоқ. Іздеп те жатырмыз. Бұл – өте сапалы жүн, - дейді шаруа қожалығының басшысы.
Қазір жүн ешқайда өтпейді. Жеңіл өнеркәсіп ақсап тұрғандықтан шикізат босқа рәсуа болып жатыр. Оны құрғақ қоймада сақтамаса, ылғал тартып, кейін сапасын жоғалтады. Амалы қалмаған жұрт тонналаған жүнді жағып жібереді немесе қоқыс полигонына төгеді.
Қойы бар фермерлер бар. Жалғыз жекеменшік секторлар ғана емес. Жүн қабылданбайды. Барлығын қоқысқа апарып тастаймыз, - дейді ауыл тұрғыны Қабдолла Нөкербек.
Ал жергілікті билік жүнді өткізу, өңдеу ісін дамыту үшін инвестиция тартуға тырысып жатырмыз дейді. Әзірге одан нәтиже жоқ.
Мүмкін арзандатылған несие берерміз. Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы немесе инженерлік-инфрақұрылым қажет болса, оның барлығына біз көмектесуге дайынбыз, - дейді облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Бауыржан Асанов.
Былтыр облыста 1 миллион тоннадан аса жүн өндірілген. Бұл – жылдағыдан 2 пайызға көп. Бірақ өнім көбейгенмен оны өңдейтін өңірде, тіпті, көрші облыстарда бірде-бір өнеркәсіп жоқ.