Жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлемеу ұсынылды

Жұмыс істейтін зейнеткерлерге зейнетақы төлемеу ұсынылды ognikubani.ru
bai-bol.kz bai-bol.kz | 2 қараша, 2024

Қазір көбі зейнетақы мен жалақыны қатар алып жүр

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова жұмыс істейтін зейнет жасындағы адамдарға зейнетақы төлеуді доғару туралы ұсынысқа қатысты түсінік берді.

Оның айтуынша, қазір зейнет жасына жеткендердің көпшілігі жұмыс істеп, зейнетақы мен жалақыны қатар алып жүр.

Олар жұмысынан кеткісі келмейді. Өйткені сол өздеріне ыңғайлы, жиған-терген білімі, тәжірибесі сұранысқа ие. Сондықтан олар жұмысында қала береді. Мұндай жағдайда бюджеттен төленетін төлемдерді олар зейнетке шындап шыққанға дейін доғара тұру ұсынылады, - дейді министр.

Оның айтуынша, үнемделген қаражат 55 жасында зейнетке шыққысы келетіндерге төлеуге бағытталуы мүмкін.

Бұл – тек талқылау сатысындағы дүние. Өткен аптада біз сарапшылармен кездестік. Кейбірі сондай ұсыныс тастады. Әкімдер де, министрлер де – мемлекеттік қызметкерлер. Олар зейнет жасына толғаннан кейін жұмыста келісімшарт бойынша бір жылға қалуы мүмкін. Содан кейін олар зейнетке шығуы керек. Мысалы, менен зейнет жасына жеткен соң жұмыс істейсіз бе сұрайды. Мен жұмыс істейтінімді айттым. Ғылыммен айналысуға немесе сабақ беруге мүмкіндігім бар. Тиісінше мен осы салаларда жұмыс істей аламын. Егер солай жасасам, онда зейнетақысыз, тек жалақыға өмір сүретін боламын, – деп түсіндірді Светлана Жақыпова.

Оның айтуынша, бұл норманы қодау-қолдамау – қазақстандықтардың өз еншісінде. 

Егер барлық азамат «О, бұл жақсы ғой. Маған зейнетақының керегі жоқ, ары қарай жұмыс істей бергім келеді» деп жатса, болады. Ал кім ертерек зейнетке шыққысы келеді? Бұл – мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған аналар, көпбалалы аналар, қауіпті және қиын еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндер. Олардың бірнеше санаттары бар. Сондықтан мұндай таңдау құқығын қоғамға беру керек және оны қоғам өзі талқылауға тиіс, - дейді министр.