Әр балаға 70 мың теңгеден жәрдемақы беріле ме? -министр жауап берді
Ведомство бюджет қаражатын қажет ететін өзгерістер пакетін әзірлеп жатыр
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова депутат Гауһар Танашеваның әрбір балаға жәрдемақы ретінде 70 мың теңгеден төлеу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірді.
Бұл ретте министр ведомствоның белгілі бір көлемде бюджет қаражатын қажет ететін өзгерістер пакетін әзірлеп жатқанын мәлімдеді.
Бірақ қазір бизнес-процестерді цифрландыру және мемлекеттік қажетсіз немесе қайталанатын функцияларды оңтайландыру арқылы бизнес-процестерді өзгертіп жатырмыз. Тиісінше, біз бұл бюджетті оңтайландыруымыз керек, содан кейін ғана балаларды табыспен қамтамасыз ету мәселесіне келуіміз қажет. Бұл шешім қазір қабылданса, салық төлеушілерге үлкен жүк болатынын айта кету керек, - деді Светлана Жақыпова.
Оның айтуынша, бүгінде әлеуметтік қажеттіліктерге арналған бюджет 6 триллион теңгеге жуықтайды. Бұл – республикалық бюджеттің 38%-ы.
Егер шартсыз қосымша төлемдер енгізілсе, кемінде тағы 3 триллион теңге қажет болады. Бұл салықты көтеру керек дегенді білдіреді, - деді министр.