Балалардың Ұлттық қордағы ақшасы көбейе береді
«Отбасы банкте» есепшоттарды біріктіретін мүмкіндік ашылғанда, бір үйдің балаларының баспананы бірігіп алуына болады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аудару қажеттігін айтқан еді. Содан кейін, яғни 2023 жылғы 16 қарашада ол тиісті заңға қол қойды.
Заңды әзірлеу кезінде жыл сайынғы есептеу жүргізу үшін Ұлттық қордың өткен 18 жылдағы (2005-2022 ж.ж.) кірістерінің орташа мөлшерін есепті жылға қарай пайдалану ұсынылды.
Енді жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бірақ басты ескерер мәселе, кәмелетке толған бала студент шағында ол қаражатты пәтер жалдауға және ем-домына жарата алмайды. Ата-аналарға да ешқандай есепшот ашудың қажеті жоқ. Тек баланың ЖСН нөмірі болса жеткілікті. Ақшаның түсіп жатқанын сол ЖСН нөмірі арқылы БЖЗҚ немесе электронды үкімет порталында тексеріп отыра алады.
Бүгінде елімізде кәмелет жасына толмаған, яғни осы қаражаттан үмітті 7 миллионға жуық бала бар. Соның ішінде 2024 жылы шамамен 200 мыңнан астам бала 18 жасқа толып, қаражатын рұқсат етілген тәртіп бойынша керегіне жарата алады. Сондай-ақ бала ҚР азаматтығынан айрылған жағдайда, оның төлем алу құқығы тоқтатылады. Ал басқа мемлекеттен келгендер немесе қандастар азаматтық алған сәттен бастап төлем алу құқығына ие болады.
Тағы бір ескерерлігі, қаражат тек Ұлттық қорда тұрған кезінде ғана инвестицияланады. Ал бала кәмелетке толып, кәдеге жаратуды кейінге қалдырған жағдайда ол қаражат БЖЗҚ-ға аударылады. Бірақ зейнетақы қорына өткеннен кейін әлгіндей баспана немесе білім алуына жұмсау дегендей инвестициялық операциялар жасалмайды.
Қазір үй жағдайын жақсарту жөніндегі ережелер егжей-тегжейлі әзірленіп жатыр. Мысалы, «Отбасы банкте» есепшоттарды біріктіретін мүмкіндік ашылады. Яғни, бір үйдің балаларының осылайша баспананы бірігіп алуына болады. Бірақ әке-шешесінің несиесін, ипотекасын жауып бере алмайды.
Маман пікірі
Айбол АРҒЫНҒАЗИНОВ, Қаржы министрлігі Бюджеттік несиелеу, ҚР ұлттық қоры және қаржы секторы мәселелері бойынша өзара іс-қимыл департаментінің директоры:
Төлем жыл сайын доллар күйінде бір рет жасалып отырады. Оқу ақысы бойынша бірнеше мүмкіндікті көздедік. Біріншіден, қазір білім беру жинақтау жүйесінде «Келешек» деген депозит бар. Егер ата-ана ерікті түрде сол депозитке қаражат жинаса, соны Ұлттық қордан берілетін қаражатпен біріктіріп, оқу ақысын төлеуге болады. Бірақ бір үйдің балалары бір-бірінің оқу ақысын төлей алмайды, ол тек сол адамның өзі үшін ғана жұмсалуы керек. Негізгі мақсат – балаға бастапқы капитал ретінде беру. Кейін үлкен ортаға, еңбекке араласқаннан кейін ол қаражатты толықтырып, өзі қосып, әрі қарай баспана ала ма, оқуға жұмсай ма, өзі біледі.
Тимур СҮЛЕЙМЕНОВ, Ұлттық банк төрағасы:
«Ұлттық қор – балаларға» жобасы Қазақстанның 5 жылға арналған әлеуметтік-экономикалық дамуының болжамына негізделген. Шындығында біз Үкіметпен мұнай болжамын талқылағанда, азды-көпті бірдей сандарға келдік. Алдағы 2 жылда ол барреліне 80 доллар шамасында болады. Содан кейін сыртқы күйзеліс болмаса, баға біртіндеп төмендей бастайды. Сондықтан жалпы Ұлттық қор бойынша және осы бағдарлама негізінде бұл параметрлер өзгермейді. Сондықтан сыртқы орта өзгермей, біз жоспарлаған бұл ақша сол деңгейде сақталады деп сенеміз. Жыл сайынғы төлемдердің мөлшері Ұлттық қордың қаншалықты толығатынына, одан қаншасы алынатынына және оның қаншалықты тиімді басқарылатынына байланысты болады.
Әлия МОЛДАБЕКОВА, Ұлттық банк төрағасының орынбасары:
Бұл жерде бір жайт бар, балалардың есепшотына бөлінетін ақшаның барлығы 18 жасқа толғанда ғана төленеді. Ал 18 жасқа толмаған балалар үшін бұл ақша жай шотта жатпайды. Ұлттық банктің басқаруындағы Ұлттық қорда ақшаның үстіне пайыз қосылып отырады. Бұл да 18 жылдағы орташа инвестициялық кіріске тең.
Мәди ТАКИЕВ, Қаржы министрі:
Биыл Ұлттық қордың табысы 1,3 млрд доллар болды. Оның 695 млн доллары қайта бөлінді. 2024 жылы 304 815 бала 18 жасқа толды. 1 наурызда оларға 30 млн 640 мың доллар бөлініп, тиісті ақшасын алды. Ұлттық қордың кірістілігі қалай өссе, балаларға төленетін төлемдер де өседі. Мемлекет басшысы Ұлттық қордағы қаржыны 100 млрд долларға жеткізу туралы тапсырма берді. Қаржы осы сомаға жетсе, пайыздар әлдеқайда жоғары болады. Жалпы алғанда, қазір Ұлттық қорда 60 млрд доллар бар. Ал негізі балаларға тек 100,52 доллардан ғана аударылмайды. Қазір жоғары шекті айта алмаймын. Бірақ біз төлем әлі де жоғары болады деген үміттеміз.