Ақтөбелік басшы мүгедек балалардың 44 млн-ға жуық теңгесін жымқырған
Сотталушы кінәсін мойындаған жоқ
Ақтөбеде қайырымдылыққа деп жиналған 44 млн теңгеге жуық қаржыны иемденген More Life қоғамдық қорының директоры 6 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды.
Ақтөбе қаласының №2 сотында More Life қоғамдық қорының директоры Бибігүл Жулинаға қатысты қылмыстық іс қаралды. Оған Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды. Іс материалына сүйенсек, More Life қоғамдық қорының директоры 2022-2024 жылдар аралығында науқас балалардың ата-аналарының шоттарына түскен ақшалай қаражатты иемденіп алған. Шығын көлемі – 43 889 429 теңге.
Сот отырысында сотталушы кінәсін мойындамады. Тіпті оған қатысты сұрақтарға жауап беруден бас тартты.
Жәбірленушілердің, куәгерлердің айғақтары, банктік шоттардан алынған көшірме сотталушының кәнісін дәлелдеді. Сот сотталушыны кінәлі деп танып, 10 жыл мерзімге коммерциялық және коммерциялық емес ұйымдарда басшы лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Жәбірленушілердің материалдық залал сомасын өндіріп алу туралы азаматтық талаптары қанағаттандырылды, - деп хабарлады Ақтөбе қаласы №2 сотының баспасөз қызметі.