Министр тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі сыннан сытылып кетті
Кейінгі заңда «тауарды 14 күн ішінде қайта өткізуге болады», «7 күнде ақшасын қайтару керек» деген нормалар жоқ
Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевке тұтынушылардың құқығын қорғау мәселесіне қатысты сауал жолдады. Ол биыл депутаттардың қарауына берілген «Тұтынушылардың құқығын қорғау туралы» заңда ЕАЭО қабылдап, Қазақстан ратификациялаған біраз нормалардың жоқ екенін алға тартты.
Электронды сауда бойынша былтыр мамырда ЕАЭО қабылдаған жақсы заң бар. Онда «тауарды 14 күн ішінде қайта өткізуге болады», «7 күнде ақшасын қайтару керек» деген толық нормалар тұр. Бізге келген заңда олар жоқ. Сіздер бізге хабарламағансыздар және бұл ұсыныстарды Үкімет біздің қарауымызға бермеген. Бірақ біз оны енгізуге тырысамыз, - деді депутат.
Сондай-ақ ол Еуразиялық экономикалық одақ туралы заңда кәсіпкерлік нысандарын тексеру туралы нормалар бар екенін еске салды.
Бізде бизнесті тексеруге болмайды деп шектеп тастаған. Тұтынушылардың құқығын қорғай алмай отырмыз. Бізге әкелген нормалардың өзі бұрынғы заңға негізделіп жазылған. Бизнесті қорғаймыз, тұтынушылардың құқығын кейінге қалдыра саламыз. Егер біз соның бәрін енгізбесек, дайын құжатқа қол қойғаннан не пайда? Тек қана қатысамыз, қол қоямыз, бізге керегін ғана аламыз, құқық қорғау жағын алмаймыз, - деді Мұрат Әбенов.
Министр бұл базынаның орынды екенін, алайда тұтынушылардың мәселесін кейін шешетіндерін айтып құтылды.
Қолдаймын. Бірақ бұл ұсыныстарды енгізейік десек, Кәсіпкерлік кодексі бар. Сол жағынан да бізге шектеулер қойылған. Қарастырамыз, - деді ол.