Ауылдағы жалақы қала тұрғындарынікінен 30 пайыз аз - депутат
«Ауыл аманаты» жобасы нәтижелі атқарылмай келеді
Ауыл тұрғындарының жалақысы қалалықтардан 30 пайыз аз. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Үкімет басшысына осылай деп сауал жолдады.
Бүгінде бүйірден қысқан қымбатшылық пен тығырыққа тіреген жұмыссыздықтың зардабын ауыл жұртшылығы көбірек тартып жатыр. Осы мәселені шешу үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынған. Десе де бағдарлама нәтижелі атқарылмай келеді.
Мәселен, былтыр жоба бойынша 100 млрд теңге бөлініп, игерілді. Биыл да осынша қаржы бөліну керек болған. Алайда жыл соңына таяса да Үкімет өңірлерге тек 7 млрд теңге ғана жіберген. Депутат бұл мәселені шешу үшін бірқатар ұсыныс айтты.
Біріншіден, Үкіметтің өз ведомостволары арасындағы өзара келісілмеген әрекеттер жүйелі түрде кедергі болып отыр. Өңір әкімдері жоба аясында соманың қайтарылу кепілі болғанын ескеріп, көбінде тәуекелге барудан бас тартқан. Ауыл халқын кедейшіліктен құтқаратын бірден-бір жобада әрбір облыс, аудан әкімдері тартынып қалмауға тиіс. Екіншіден, жобаға қатысушылардың көбі ауыл шаруашылығы өндірісіне оқытылмайды. Онсыз да бәсекеге қабілетті өнім шығару оңай емес, - деді Елнұр Бейсенбаев.