Ұлттық құндылықты дәріптейтін ғимараттар салынса ғой – Қылышбек шебер

Ұлттық құндылықты дәріптейтін ғимараттар салынса ғой – Қылышбек шебер автор
bai-bol.kz bai-bol.kz | 7 маусым, 2024

Балалар шеберге Қарағанды қаласынан ғана емес, Абай, Саран шаһарларынан да келіп, сандық, кебеже, ожау, астабақ, ат әбзелдері, домбыра жасаумен қатар, жүзік, сақина, сырға, шолпы, салпыншақ соғу ісін де біртіндеп меңгеріп жатыр

«Жігітке жеті өнер де аз» дейді қазақ. Бұл біздің кейіпкеріміз Қылышбек Құрмантегіне арналып айтылғандай. Қарағандыда ағаштан түйін түйген шебер деп танығанмен, оның бесаспап екенін ешкім біле бермейді.

Балаларды өнерге жетелеген

Қылышбек Жұматұлы бүгінде Қарағанды қаласындағы Майқұдық Мәдениет үйінде «Атамұра» ұлттық қолөнер орталығында балаларды ағаш пен темірден қазақтың көнеден келе жатқан бұйымдарын жасауға баулып жүр.

2022 жылы ашылған бұл орталыққа Қылышбек бірден келген жоқ. Оның алдында бірнеше таңдау болған.

Елордада өткен «Экспо-2017» көрмесінде күміс медаль алдым. Ол жерде ұлттық өнерді ұлықтадым. Негізінде көрмеге көне жәдігерлерді дайындап, ел назарына қойдым. Сол уақытта ұлттық қолөнер орталықтарын ашу туралы айтылды. Маған министрлік тарапынан бірнеше ұсыныс түсті. Туған жерім де жібергісі келмеді. Оңтүстіктен де шақырту алдым. Дегенмен мен Қарағандыны таңдадым. Осында келіп, шәкірттер тәрбиелеп жатырмын, – дейді шебер.

Алғашында 60-қа жуық бала келіп, іріктеліп, 20 бала қалған. Алыс-жақыннан ат арытып келіп, шәкірт болғысы келгендердің саны артқан. 600 шақырымды артқа тастап, Ұлытаудан да Серік, Ерғазы деген екі жігіт Қылышбек шеберден тәлім алған.

Екеуі де алғыр, ұғымтал. Ұлытау жақтан әжелерімен келіп, пәтер жалдап жатып, қолөнер шебері атанып кетті. Қалай ырза болмайсың?! Енді екеуі өз ауылдарында қолөнер шеберханасын ашпақ болып, ұста жабдықтарын сатып алған деп естідім, – дейді Қылышбек Жұматұлы.

Ал қалған балалар Қарағанды қаласынан ғана емес, Абай, Саран шаһарларынан да келіп, сандық, кебеже, ожау, астабақ, ат әбзелдері, домбыра жасаумен қатар, жүзік, сақина, сырға, шолпы, салпыншақ соғу ісін де біртіндеп меңгеру үстінде.

Тозған аспаптарды жөндейді

Қылышбектің тағы бір қыры бар. Қолынан келген жақсылығын жар салмай-ақ істей береді. Жұмыс орнына барғанда үстел үстінде бірнеше домбыра жатты. Ескі, тек қаңқасы қалған. Солардың бәрін жөндеп, ескірген тұстарын жаңалап, қолдануға қайта жарамды еткен.

Былтыр 23 желтоқсанда қоқыстан тауып алдым. Сол домбыраны Майқұдық Мәдениет үйіндегі «Атамұра» қолданбалы қолөнер үйірмесінің жетекшісі, қазақ көне ағаш шебері Қылышбек Құрманов бауырыма жөндету үшін апарып бергенмін. 9 қаңтарда «Домбыраңыз дайын» дегесін барып едім, жөндеп, күйлеп қойған домбыраны қолыма табыс етті. Домбыраның күмбірлеген даусын естіп, алғысымды айтып, батамды беріп, үйге келдім, – дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Сәкен Келдібаев.

Бұл – Қылышбектің алдына жұрт тек домбыраны жөндету үшін келеді деген сөз емес. Анығында, ескі дүниелердің бәрін бұрынғы қалпына келтіреді. Ат әбзелдері, оның бір дүниесі ертоқымның бірнешеуін «атамнан қалған мұра еді» деп алып келген жандардың жап-жаңа болып тұрған затты көргендегі таңданысы да ол үшін бір алғыс.

Ұсталық – көнеден келе жатқан киелі кәсіп

Шынымен де қарағандылықтар Қылышбекті тек ағаштан түйін түйген шебер деп қана біледі. Бірақ ол ұста да.

Қылышбек – Баянауыл өңірінің тумасы. Оған бұл өнер бабасы, заманында Арқа атырабына аты жайылған ұста Құлмағанбет Байбақыұлынан (1827-1893 ж.ж.) дарыған. Құлмағанбет ұста 1883 жылы Омбы қаласында көрмеге шыққанда оны Буланже деген француз фотографы шырт еткізіп суретке басып алған да екен. Соның көшірмесі де қолында. Суреттің жанында бойтұмарындай болып, қымыз құятын ожау ілініп тұр.

Бұл қымыз ожау қайыңның тамырынан (безінен) ойып жасалған. Қазақтың қолөнерін Еуропаға алғаш таныстырған темір ұстасы, зергер, ағаш шебері, өрімші, ерші, атақты ұста Құлмағанбет Байбақыұлы бабамыздың өз қолымен жасалған көп жәдігерлерінің бірі. 1995 жылы осы ожаудың көшірмесін жасап, ақша беріп, Омбы музейінің қызметкерлерінен алдық. Ол жерде әлі көп заты тұр. Ертоқымы, жүкаяқ, асадал, ағаш төсек, ыдыс-аяқтары, оюуланған 12 қанатты киіз үйі, зергерлік бұйымдарын қайтармады. Бұл көненің көзі – бабамыздан қалған құн жетпес мұрасы. 140 жылдан асқан, біраз жарылған жерлерін жөндеп, осы ожауды бойтұмардай іліп қойдым, – дейді ұста Қылышбек.

Баянауылда да бабаларынан мұра болып қалған ұстахана бар екен.

Былтыр қайта жөнге келтірдім. Көрікке арнап Түркиядан қалың былғарыны 500 мың теңге жұмсап алдырдым. Ондай затты Қазақстаннан таба алмайсыз. Сол былғарымен қаптап, көрікті баяғы қалпына әкелдім. Биыл барып іске қосамын. Содан кейін ас береміз. Ұсталықты сағынып жүрмін, – дейді Қылышбек.

Қылышбек қолөнерге қалай келді?

Қылышбек басында өзі туған ауданда етікші болып орналасады, кейін ағаш өңдеуге көңілі ауады. 33 жасынан бастап ағаштан түрлі заттар жасаумен айналысып келеді.

Осыдан шамамен 30 жыл бұрын Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының 135 жылдығына орай облыс бойынша шеберлер арасында байқау өтетінін естідім. Өзімді шыңдап әрі сынап көрейін деп осы сайысқа қатысып, бас жүлдеге ие болдым. Кейін 1,5 ай дайындалып, қазақ құрылтайына барып келдім. Келгенімде сол кезде аймақ басшысы болған Ғалымжан Жақиянов мені зор қуанышпен қарсы алды. Өнеріңді одан әрі шыңда деген мақсатта Баянауылда бос тұрған 8 жылдық мектептің ғимаратынан маған орын берді. Өкінішке қарай, белгісіз жағдайда іштегі құрал-саймандарым, жасаған барлық затым жанып кетті. Сол оқиғадан соң көп уақыт қолөнерге жақындамадым. Іштегі қалауымды тыңдап, ауданнан Павлодар қаласына келіп, жиһаз жасаумен айналыстым. Қала орталығынан бір бөлмені жалға алып, қайта ағаш өңдеу ісіне көштім. Содан бері қолөнерден қол үзген емеспін, – дейді ол.

Ұлттық орталықтар ашылса...

Басты арманым – баю емес, керісінше, өзімнің артымнан менен асқан шәкірттерді тәрбиелеу дейді Қылышбек.

Бір жылы Қытайға бардым. Бір қаласынан қазақтар салған үш қабатты, киіз үй пішінінде салынған ғимаратқа бас сұқтық. Ішінде ұлттық өнердің жеті атасы бар. Ұстахана, ұлттық киім тігетіндер бөлмесі, қолөнершілер бұрышы. Біреулер темір қыздырып, төске салып ұрып жатса, бірі қайыс тіліп жатыр, енді бірі ою ойып әлек. Қызығып кеттім. Шіркін-ай, бізде де осылай ұлттық құндылықты дәріптейтін ғимараттар салынса ғой, – дейді Қылышбек Құрмантегі.

Иә, нағыз шебердің қолынан шыққан астабақтан ас ішкенге не жетсін?! Қылышбек те: «Негізінен, қазір сатылымда жүрген астабақтарды жай ағаштан жасай салады. Ол астың дәмін бұзады. Әр ыдысты жасарда ағашты арнайылап алдырамын. Маған тапсырыс Қазақстанның әр қиырынан түсу себебі де содан болса керек», – дейді.

Арман орындалып, Қазақстанның әр қаласында ұлттық құндылықты дәріптейтін ғимараттар соғылса, Қылышбек ағамыз сол жерлерде еңбек ететін шеберлерді дайындап беруге әзір...

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ