«Анасы еден жуушы болған»: министр Жітіқарада өртеніп кеткен 5 баланың жағдайы туралы айтты
Жазда ол 320-330 мың теңге көлемінде алимент, екі тоқсан бойы 290 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек алған
Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Қостанай облысында өрттен көз жұмған 5 баланың әлеуметтік жағдайы туралы айтты.
Оның айтуынша, Қостанай облысының Жітіқара қаласында өрттен көз жұмған отбасы әлеуметтік көмектен бөлек, алимент те алған.
Отбасы атаулы әлеуметтік көмек алған. Ондағы балалардың фамилиясы әртүрлі. Әйел екі рет некеде болған. Бірінші некеден – 3 бала, екінші некеден – 3 бала. Кенжесі – 1 жаста. Мамырда әйел көпбалалы ана атанып, «Күміс алқа» медалімен марапатталған. Бірінші күйеуімен ол ресми түрде ажырасқан. Биыл жазда 320-330 мың теңге көлемінде алименттік төлем алған. Екі тоқсан бойы оған 290 мың теңге атаулы әлеуметтік көмек төленді. Ол жергілікті дүкенде еден жуушы болып жұмыс істеген, - деді министр.
Сондай-ақ ол министрлікке қарасты департамент директорының оқиға орнына барғанын, көмек көрсетілгенін айтты.
Таңғы сағат 6-да мен Алматыға жұмыс сапарымен ұшып кеттім. Оқиға орнына департамент директоры барды. Ол басынан аяғына дейін сонда болды. Жерлеу рәсіміне де қатысты. Отбасыға тиісті қолдау шарасы көрсетілді, - деді Светлана Жақыпова.
Бұдан бөлек, министр оқиғаның кейбір мән-жайын бөлісті.
Үйдегі үлкен ұлдың айтуынша, қайғылы оқиға таңғы сағат 4:30 шамасында басталған. Ол таңғы сағат 5-те көршілерден көмек сұраған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер келгенде үйдің шатыры құлаған. Сол түні әйел қалаға кеткен. Не үшін кеткені тергеу аясында айтылмай отыр. Оның неге кеткенін мен де білмеймін. Сол күні кешкі сағат 7-де үйге 1995 жылы туған жігіт келіп, от жаққан. Содан кейін кетіп қалған. Балалар тоңып қалмауы үшін анасы оны жіберген болуы керек, - деді ол.
Еске сала кетсек, өткен аптада Қостанай облысының Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, соның салдарынан 5 бала қаза тапқан еді. Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылғы балалар болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында 5 баланың денесі табылды. Үлкені – 2011 жылы туған бала ғана аман қалды.