Жоғары білімі жоқтар 800 мың теңге жалақы сұрайды – министр

Жоғары білімі жоқтар 800 мың теңге жалақы сұрайды – министр
bai-bol.kz bai-bol.kz | 14 қазан, 2024

Барлық құндылықтар жоғалған, – дейді ол

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Мәжілісте жұмыс істегісі келмейтін азаматтар туралы пікір білдірді.

Депутат Анас Баққожаев Үкімет сағатында министрге ауылдық жерлерде жұмыссыздық деңгейінің артқанын жеткізді. Оның айтуынша, ауылда бос жұмыс орындары көп. Бірақ азаматтар өздерін жұмыссыз деп көрсетіп, мемлекеттен көмек алып отыр.

Ал Светлана Жақыпова болса, әлеуметтік сақтандыру қорынан азамат жұмыссыз қалса, 6 ай төлем берілетінін еске салды.

Сіз мемлекет бөлетін субсидия немесе басқа да төлемдер туралы сұрап отырсыз. Мұндай жұмысты азаматтар істегісі келмейді. Солтүстік Қазақстан облысындағы Сергеевка ауылына дәнекерлеуші керек, жалақысы – 600 мың теңге. Бұл жұмысқа адамдар бармайды. Бұл, бірінші кезекте, отбасыдан басталады. Еңбек пен жұмыс істеуге деген талпынысқа отбасыда үйрету керек. Қытайда балалар мектепте екі ауысымда оқиды. Бала күнінен еңбек етуге үйренеді. Ал қазір 300 мың теңге жалақы беретінін көріп отырмыз. Бірақ жоғары білімі жоқ азаматтар 800 мың теңге жалақы сұрайды. Барлық құндылықтар жоғалған, – дейді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Оның айтуынша, жұмыс істеуден бас тарту мәселесін заң аясында реттеп, тіпті, бұл саладағы заңды қатаңдату қажет.