Доллардың көтерілуіне қатысты дүрбелең: Ұлттық банк төрағасы ескерту жасады
Жұрт зейнетақы жинақтарының 40%-ын доллармен сақтап жатыр
Теңге курсының долларға қатысты күрт өсуін Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов жеке және квазимемлекеттік сектор тарапынан долларға сұраныстың артуымен байланыстырды. Ол өзінің жинақтарының бір бөлігін шетел валютасында сақтайтынын да жасырмады. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Жалпы, қазір қазақстандықтар елдің валюта айырбастау пунктеріндегі ақпараттық таблоларға қарап, алаңдаулы. Кеше доллар бағамы 496 теңгеге дейін жетті. Бүгін сәл төмендегенмен, азаматтар әлі де доллардың 500 теңге шегінен шықпайтынына сенімсіз.
Бұдан бір ай бұрын Ұлттық банк төрағасы доллар бағамы мүлде шарықтап кетпейтінін айтқан еді. Алайда ол журналистердің сұрағына жауап беріп, курсқа қатысты ешқандай уәде бермегенін атап өтті.
Уәде беру? Сіздерге ешқашан «уәде беремін» деп айтқан жоқпын. Сұрақ қойылды, «Сіз күтесіз бе, жоқ па?» деп. Макроэкономикалық, салалық, нарықтық және тағы басқа ақпараттарды ескере отырып, 500 теңге курсын негізді түрде көрмейтінімізді айттым, – деді Тимур Сүлейменов.
Осы ретте ол қазақстандықтарға дүрбелеңге салынудың қажеті жоқ екенін мәлімдеді. Айтуынша, орташа жылдық доллар курсы – 460 теңге. Үкіметтің болжамына сәйкес, осы баға қала береді.
Біз доллар курсы жыл соңына дейін күрт көтеріледі деп нақты болжай алмаймыз. Орташа курс осындай мәндерде қала бермек. Бірақ курсқа қатысты ешқандай уәде бере алмаймын, – деді Ұлттық банк төрағасы.
Ал оның орынбасары Ақылжан Баймағамбетов жеке тұлғалардың депозиттері бойынша статистика 20 триллион 378 миллиард теңге екенін алға тартты. Оның айтуынша, мұндағы 16,4 триллион ұлттық валютамен сақталған.
Ұлттық банк төрағасы өзінің жинақтарының бір бөлігін шетел валютасында сақтайтынын айтты. Бірақ оның қаржылық тұрғыдан тиімділіктен емес, қызметтік қажеттіліктен болып отырғанын түсіндірді.
Менің жинақтарымның 15%-ы – шетел валютасында. Қалғаны – теңгеде. Неліктен 15%? Өйткені жұмыс барысымен командировкаларға шығамын. Кейде біздің елімізде жоқ заттарға шетелден тапсырыспен алдыру қажет, - деді Тимур Сүлейменов.
Қазір қазақстандықтар зейнетақы жинақтарының 40%-ын енді доллармен сақтап жатыр. Ұлттық банк мәліметтері бойынша, БЗЖҚ соңғы жинақтарды конвертациялауды шамамен 10 күн бұрын іске асырған. Бұл қадам әртүрлі компаниялардың акцияларына инвестиция салу үшін жасалып отыр.