Сарапшылар елімізде несие пайызының неге жоғары екенін түсіндірді
Мәселе – Ұлттық банк тағайындайтын базалық мөлшерлемеде
Қазақстанда несие пайызы өте жоғары. Өйткені Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлеме жоғары. Мұндай саясаттың себептері қандай екенін толығырақ NUR.KZ жазды.
Қазақстан азаматтарына берілетін несиелер бойынша пайыздық мөлшерлеме өте жоғары деуге негіз бар. Әсіресе, бұл көршілес елдермен салыстырғанда айқын көрінеді. Кей жағдайда сыйақы мөлшері жылына 30 пайыздан асып кетіп жатады. Айта кететіні, бұл пайыздарды екінші деңгейлі банктер белгілемейді.
Ranking.kz порталының мәліметінше, мәселе Ұлттық банк тағайындайтын базалық мөлшерлемеде болып тұр. Қазір ол 14,25 пайыз – өте жоғары көрсеткіш. Мұндағы базалық мөлшерлеме дегеніміз – Ұлттық банк тарапынан елдегі ақша-несие саясатын реттейтін құрал екенін түсіну маңызды.
Оның көмегімен:
- несие мен депозиттер бойынша мөлшерлемелерді көтеруге немесе төмендетуге;
- экономика өсімін тежеуге не керісінше, жеделдетуге;
- тұтынушылық белсенділікті арттыруға немесе төмендетуге болады.
Осы аталғандарға ықпал ете отырып, Ұлттық банк инфляцияны баяулата да, керісінше, жылдамдата да алады. Базалық мөлшерлеме жоғары болатын болса, еліміздің орталық банкі несиелердің қымбаттауына, депозиттердің тиімдірек болуына жағдай жасайды. Осылайша, халықты ақшаны жұмсаудан гөрі жинауға ынталандырады. Нәтижесінде бұл нарықтағы белсенділіктің төмендеуіне, бағаның өсу қарқынының бәсеңдеуіне алып келеді. Өйткені тауар өтпейтін болған соң қымбаттамайды.
Логикаға сүйенсек, базалық мөлшерлеме инфляция көрсеткішімен бірге ақырындап төмендеуі керек, бірақ бұл әзірге мүмкін болмай отыр. Ұлттық банк оны 14,25 пайыз деңгейінде ұстап отыр, ал елдегі инфляция 8,3 пайызға тең. Яғни, инфляция мөлшерлемесі төмендесе де базалық мөлшерлеме сол күйі тұр.
Базалық мөлшерлеме мен инфляцияның айырмашылығын қарастыратын болсақ, 2024 жылы ол – 2015 жылдан бергі ең жоғары 5,5-6 пайыз. Ол кезде бұл көрсеткіш қысқа мерзімдік құбылыс болғанмен, биыл көрсеткіш жоғары деңгейде қалып отыр.
Кей сарапшылардың пікірінше, базалық мөлшерлеме мен инфляция арасындағы оңтайлы айырмашылық 3-3,5 пайызға тең болуға тиіс. Тіпті осылай елдегі бағаның өсу қарқыныны төмендеп жатса да несиелер қымбат болып қала береді. Салдарынан экономика дамымай, жоғары пайыздық мөлшерлемелермен несие алу тиімсіз көрініп, бизнес дамуы тежеледі.
Дегенмен кейбір сарапшылар Ұлттық банктің ұстанымын әлі де проинфляциялық факторлардың сақталып отырғанымен түсіндіреді. Мысалы коммуналдық қызметтердің қымбаттауы экономикадағы аралас салаларда бағаның өсуіне әсер етеді.