Министрлік сенатор айтқан «қоқыс тағамдарға» қосымша салық салмақ
Қазақстанда балаларға арнап жарнамаланатын ас-судың шамамен 72%-ына ДДСҰ тарапынан тыйым салынған
Сенат депутаты Бибігүл Жексенбай Қазақстанда денсаулыққа зиян «қоқыс» тағамдарға қосымша салық салу керек деген ұстанымда.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, адам өліміне әкелетін факторлардың 60%-ы сапасы нашар, қауіпті қоспалармен әзірленген тамақтар кесірінен болады екен. Қазақстандағы өлім-жітімнің 90%-ға жуығы да сондай жұқпалы емес ауруларға байланысты болып шықты.
Соңғы кезде Қазақстан нарығында шығу тегі белгісіз зиянды тағамдар қаптап кетті. Алыс-жақын елдерден «қоқыс» тауарлар арбалап та, дорбалап та тасылып жатыр. Ең қорқыныштысы, «қоқыс тағамдардың» көбін көшелер мен жертөлелерде жасайды. Қытайдың өзінде бұл өнімнің зиянды екені дәлелденіп, сайттарында «қоқыс тағамдары» деп көрсетілген. Қытай билігі мұндай залалды тағам өндірушілермен күресіп жатса да «қоқыс тағамдар» алыс-жақын шетелдің қорғалмаған нарығын жаулап алған, - деді сенатор.
Оның айтуынша, шетелден ағылған тауарға ақшасын төлесе, жылдам сертификат алуға көмектесетін интернеттегі жарнамадан көз сүрінеді. Нарықтағы сапасыз тауарлардың көбеюіне осы бағыттағы жеке делдал компаниялардың көптігі ықпал етуі мүмкін.
Зиянды тағамдардың жарнамасы да кең етек жайған. Қазір Қазақстанда балаларға арнап жарнамаланатын ас-судың шамамен 72%-ы ДДСҰ тарапынан тыйым салынған азық-түлікке жатады. Өйткені жарнама тиісті заңдармен реттелгенмен, оларда денсаулыққа зиянды өнімдер туралы ақпараттың таралуын шектейтін нормалар жоқтың қасы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тамақ өнімдеріндегі қант пен тұздың құрамы 5%-дан аспауы жөніндегі қаулысы қатаң орындалуға тиіс. Бүгінде әлемде зиянды тағамға қосымша салық салу тәжірибесі айтарлықтай кең тараған. Соңғы 10 жылда мұндай салық Дания, Норвегия, Франция, Венгрия, Мексика, АҚШ және тағы басқа елдерде бар. Осы салық түрі енгізілген елдерде өндірушілер мен сатушылардың 70%-ы зиянды және қосымша салық салынатын өнімдерді қысқартқан, - дейді Бибігүл Жексенбай.
Сондай-ақ ол Үкіметке мынадай 7 ұсынысты қарастыру керектігін ескертті:
- Біріншіден, елімізде «қоқыс» тағамдарды саудалауға тыйым салу, кедендік бақылауды күшейту;
- Екіншіден, стандарттау және сертификаттау қызметін қатаң бақылауға алу;
- Үшіншіден, балаларға зиянды тағамдарды жарнамалаудың уақыт мерзімі бойынша шектеу қою;
- Төртіншіден, зиянды тағамдарға қанты көп энергетикалық түрлі сусындарға қоғам денсаулығын қолдауға арналған қосымша салық салуды қарастыру;
- Бесіншіден, балабақшадағы балаларға, мектептегі оқушыларға ағзаға пайдалы сүт, қымыз, шұбат беруді міндеттеуді қарастыру;
- Алтыншыдан, Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, саламатты тамақтану бойынша тұрақты және тиімді ақпараттық кампания өткізіп отыру;
- Жетіншіден, Денсаулық сақтау министрлігінде қоғамдық денсаулықты қорғау бойынша арнайы толыққанды құрылым құру.
Бұл жанайқай «еститін мемлекеттің» құлағына тез жетіп, кейін Денсаулық сақтау вице-министрі Айжан Есмағамбетова қант қосылған тәтті сусындарға акциздік салық не үшін қажет екенін түсіндірді. Оның айтуынша, қазір елде семіздік және қант диабетімен ауыратындардың саны артқан. Әсіресе артық салмақты балалар көбейіп барады.
Артық салмақ болашақта созылмалы аурулардың дамуына әкеледі. Қателеспесем, 0,5 мл коланың құрамында қанттың 10 тәуліктік дозасы бар. Яғни бала тәтті сусынды ішкеннен кейін 10 еселік қажеттілікті алады. Сондай-ақ қанттың барлық дерлік өнімнің құрамында болатынын білеміз, - деді Айжан Есмағамбетова.
Сондай-ақ ол тәтті сусындарға акциз енгізу өздерінің емес, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұсынымы екенін жеткізді.
Қант қосылған сусындарға салық салу – тұтынуды азайтуға септігін тигізетін шаралардың бірі. Әрине, бұл шараға қосымша таңбалау енгізіледі, міндетті ақпараттық-түсіндіру және баланың дұрыс тамақтану әдетін қалыптастыратын ата-аналармен жұмыс жүргізіледі. Тамақтану әдеті балаларда 5 жасқа дейін қалыптасады, - деді вице-министр.
Бірақ бұл бастамаға сусын өндірушілер үзілді-кесілді қарсы. Сондықтан құрамында қанты көп сусындарға қосымша акцизді көтеру жыл соңына дейін шешілетін болды. Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың айтуынша, талқылау әлі де жалғасады және өзгерістің экономикаға қалай әсер ететіні қарастырылады.
Айта кетсек, қос министрлік тарапынан да тәтті сусындардан басқа «қоқыс тағам» түрлері аталған жоқ. Сондықтан сенатор Бибігүл Жексенбайға мәселені қайта көтеріп, «көбін көшелер мен жертөлелерде жасайтын» тағам түрлерін жеке-жеке атап өткен жөн болар. Біле жүрейік.