Суға батқан көлікті сатып алудан сақ болыңыз!
Коррозия автомобильдің маңызды электроникасына енеді
Consumer Reports зерттеушілерінің мәліметінше, АҚШ-та жыл сайын су тасқыны мыңдаған көлікті зақымдайды. Дегенмен зақымдалған барлық көлік қоқысқа жіберілмейді. Кейбіреулері жөнделіп, басқа штаттарда қайта сатылады. Енді ондай көліктер Қазақстанда да пайда болуы мүмкін.
Carfax есебіне сәйкес, 2023 жылы суға батқан 454 мыңға жуық көлік жолдарға қайта оралған. Тек 2024 жылдың жазында ғана АҚШ-та суға батқан 89 мыңнан аса көлік тіркелген. Бұл – АҚШ-тың оңтүстік-шығыс жағалауында жақында болған Хелен және Милтон дауылдарының әсерін есепке алмағандағы көрсеткіш.
2024 жылдың көктемінде Қазақстанның бірқатар өңірі де ауқымды су тасқынына тап болды. Тұрғын үйлер мен басқа да мүліктер, соның ішінде автокөліктер су астында қалды. Мұндай көліктер жөнделіп, қайта нарыққа шығарылуы мүмкін. Сондықтан сарапшылар жүрілген автокөлікті сатып алғанда мұқият болуға кеңес береді.
Су көліктің электроникасын, майларын және механикалық жүйелерін зақымдауы мүмкін. Коррозия автомобильдің маңызды электроникасына, соның ішінде қауіпсіздік жастықшасына да енеді. Мұндай жағдайларда автокөліктер мамандардың мұқият тексеруін талап етеді.
Consumer Reports бас механигі Джон Ибботсон су астында қалған белгілері бар көліктерді сатып алмауға кеңес береді.
Ондай көлікті мына белгілерінен анықтауға болады:
- көлік ішіндегі төсеніштерде көгерген немесе кептірілген кірдің бар-жоғын тексеріңіз. Ескі көліктегі жаңа төсеніштер де күдік тудырады;
- орындықтың бекіту бұрандаларының бұған дейін шешіліп-шешілмегенін тексеріңіз. Осындай манипуляциялар көліктің ішін кептіру үшін қолданылады;
- көліктің фараларын тексеріңіз, линзада немесе рефлекторда тұрып қалған судың жолағы болуы мүмкін;
- көліктің қол жеткізу қиын жерлерінде қоқыс пен кірдің бар-жоғын тексеру керек. Қозғалтқыш бөлігінің айналасындағы су іздері де автомобильді су басқанын көрсетеді;
- мотор майын да тексеру қажет. Мотор майы сумен араласқанда сүт коктейліне ұқсайтын біртүрлі кейіпке енеді.