Мәжілісте ЖСДП фракциясы несиені кешіру мәселесін көтерді
Оны банктердің есебінен жасау қажет, - деді депутат Асхат Рақымжанов
Мәжіліс депутаттары алаяқтық жолмен рәсімделген несиелерді есептен шығаруды ұсынды.
Депутат Асхат Рақымжановтың айтуынша, бүгінде алаяқтардан зардап шеккен азаматтардың саны күн сайын өсіп келеді. eGov.kz арқылы несие алуға шектеу қою қызметі де көмектеспей жатыр. Алаяқтар бір адамның мойнына 20-40 миллион теңгенің несиесін іліп кетеді екен.
Ондай қылмыстық схемаларға банк қызметкерлері де қатысуы мүмкін. Себебі әдетте табысы сай келмейтін адамдарға несие бермей жатады. Бірақ бізге түсіп жатқан арыздарға қарағанда, жағдай мүлде басқаша болып тұр. Зейнеткердің атына да бірнеше несиені заңсыз рәсімдеп жатады. Демек бұл мәселені банктің өзінде реттемесе, ондай жағдайлар болмайтын еді, - дейді Асхат Рақымжанов.
Осы орайда депутат ЖСДП фракциясының онлайн несиелерге толығымен тыйым салу бастамасын қолдайтынын да жеткізді.
Біздің фракция банктердің кесірінен зардап шеккен азаматтардың сондай несиесін кешіру керек деп санайды. Оны банктердің есебінен жасау қажет. Сонда олар өз ақпараттық жүйелерінің қауіпсіздігін күшейтуге мүдделі болады, - деді Асхат Рақымжанов.
Сондай-ақ фракция депутаттары Бас прокуратурадан заңсыз рәсімделген несиелер бойынша банктерге қатысты тергеу бастауды талап етті.