Елімізде шошқаның субсидиясы жылқынікінен 40 есе көп
Биыл қыста жем-шөп таусылып, жылқылар мұз құрсанған далада арам өлді
Мәжілістегі «Ақ жол» фракциясының депутаттары Қазақстанда шошқа өсіруге бөлінген қаржы (2,1 млрд теңге) жылқы өсіруге бөлінген қаржыдан (53 млн теңге) 40 есе көп екенін айтып, дабыл қақты.
Депутат Қазыбек Иса биылғы қалың қар, қатты қыстың мал шаруашылығына оңай тимегенін еске салды. Әсіресе, Арқа мен солтүстік өңірлерде жем-шөп таусылып, далада қардың беті жаппай мұз құрсанып, жылқылардың тебіндей алмай, арам өлгені рас.
Шаруалардың жөнді субсидия берілмейтін жылқы малынан айырылып қалу қаупі бар. Өйткені жем-шөбі таусылған фермерлер жылқыны арзан болса да соғымға жаппай сатып жатыр, - деді Қазыбек Иса.
Оның айтуынша, Ақмола облысының Зеренді ауданындағы Ақадыр, Васильков, Заречный, Шағалалы сияқты ондаған ауылда жұрт жем-шөп таппай, әбден қиналған. Ақкөл ауданында да шөптің бағасы тым шарықтап кетіп, бір орамы 20 мың теңгеге дейін жетті.
Басты себеп – жайылым және шабындық жерлердің тапшылығы. Тіпті, жайылым жерінен мүлде айырылып қалған көптеген ауылда (Зеренді ауданындағы Ақадыр, Айғыржал, Ортақ, Қошқарбай, Раздольный, Күсеп, Первомайский) жылқылар қолға қарап тұр. Егінді елдің іргесіне дейін егіп тастаған, - деді депутат.
Сол себепті ол Үкіметке шұғыл түрде кешенді шараларды қабылдауды ұсынды.
Үкімет пен құзырлы министрлік, ведомстволар, әкімдіктер қазаққа қадірі артық жылқыны аман алып қалу үшін арнайы «Жол картасын» жасауы қажет. Ең үлкен мәселенің бірі – шаруалардың бейнеттеніп өсірген жылқысын лайықты бағасына сата алмауы. Сондықтан жылқы етін мемлекеттік сатып алу тізіміне міндетті түрде енгізу керек. Қорытылуы жеңіл, денсаулыққа пайдалы екені ғылыми түрде дәлелденген жылқы етінің тауық пен шошқа етінен кем болғаны ма? Үкімет жылқыға субсидия беру мәселесін қайта қарауға тиіс. Мал шаруашылығында құс тұқымдарына, тіпті шошқаға да субсидия бар. Алайда жылқыға мардымды субсидия жоқ, - деді Қазыбек Иса.
Оның айтуынша, былтыр республикалық бюджеттен жылқы өсіруге бар болғаны 52,9 млн теңге, ал шошқа өсіруге 2,1 млрд теңге бөлінген. Шошқаның субсидиясы – жылқынікінен 40 есе көп. Біздің биліктің шошқаны экспорт үшін «алақанда аялап отырғаны» болмаса, оның етін ел ішіндегі халықтың басым бөлігінің жемейтіні тағы белгілі.