Егінмен айналысатын депутат нан бағасын 500 теңгеге көтерткісі келеді
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі бағаның қымбаттамайтынын баса айтты
Жамбыл облысы мәслихатының депутаты Мейрамбек Дөненбаев ауылшаруашылығы өнімдері бағасы өсіруді ұсынды. Оның айтуынша, нан 500 теңге болуы керек екен.
Шынымды айтсам, нан өте арзан. Нанның құны 500 теңгеден кем болмауға тиіс. Мен өзім ауылшаруашылығы тауарын өндірушімін. Менің бидайым қазір 100 теңгеден де өтпей жатыр, – деді Мейрамбек Дөненбаев.
Журналист депутатқа «Мұны халықтың қалтасы көтереді деп ойлайсыз ба?» деген сұрақ қойды.
Көтереді, әбден көтереді! Қазір кез келген тойханада, кез келген қоқыста тек нан жатады. Өзім нанды 110-120 теңгеден алып жүрмін, сүтті 300-350 теңгеге аламын, – деді ол одан әрі.
Депуататтың пікірінше, сонда ғана ауылдың жағдайы жақсарады-мыс. Ал оның әріптестері бұл пікірге келіспейді. Мәслихат депутаты Бақытжан Қалымбетовтің айтуынша, дотациялық облыстарда нан 120 теңге тұрады. Сондай-ақ Жұмахан Еркебаев нанның 500 теңге болғанына қарсы.
Таяуда Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің өзі елімізде су тасқыны болғанына қарамастан нан бағасы қымбаттамайтынын баса айтты.
Қазақстанда егістің жалпы көлемі – 23 млн 800 гектар. Оның ішінде бидай, майлы дақылдар егілетін аумақ – 21 млн гектардан асады. Бүгінде 14 млн гектар жерге (63-68%) егін егілді. Бұл жұмыс тиісті деңгейде жүріп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы министрінен бастап, оның барлық орынбасары бүкіл облыста көктемгі егіс жұмысын қадағалап отырмыз. Барлығына уақытында үлгереміз деген жоспар бар. Себебі біз күніне 1 млн гектар жерге егін егуіміз керек. Оған ешқандай кедергі жоқ, - деді вице-министр.
Оның айтуынша, биыл Үкімет шаруа қожалықтарына жылына берілетін 100,80 млрд теңгеден тыс, көктемгі егіс науқанына қосымша 300 млрд теңге бөлген. Сондықтан астық пен нан бағасы қымбаттамауға тиіс.
Проблема болмайды. Біз мұны толық сеніммен айта аламыз. Себебі былтырдан қалған бидай қорымыз да жеткілікті, - деді Аманғали Бердалин.
Демек, егінмен айналысатын жамбылдық депутаттың байбаламы – өз қалтасын ойлаудан басқа түк те емес.