Қайрат Сатыбалды неге 6-ақ жылға сотталды десеңіз...
67,6 млрд теңгеге жылжымайтын мүліктер сатып алған
2022 жылдың 26 қыркүйегінде Астана қаласы Байқоңыр ауданының №2 соты экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Қайрат Сатыбалдыны 6 жылға бас бостандығынан айырған болатын.
Бұл ретте Қайрат Сатыбалдыға Қылмыстық кодекстің 2 бабы («Алдау немесе сенімге қиянат жасау жолымен мүліктік залал келтіру», «Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша айып тағылған. Кейін Астана қаласы Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық соты оны Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы («Ірі мөлшерде қылмыстық жолмен алынған ақшаны жылыстату») бойынша айыптап, тағы бір қылмыстық іс бойынша басты сот отырысына қатыстырды.
Қайрат Сатыбалды өз мақсатын көздеп, ақшаның қылмыстық құқықбұзушылықтан түскенін білген. Осыған қарамастан ол «Каспи банктегі» шотын пайдаланып, 22 млн 965 мың долларды Дубай қаласынан вилла сатып алуға, сондай-ақ 40 млн долларды Мәскеуде орналасқан «Снегири» тұрғын үй кешенінен көлік тұрағымен бірге бірнеше пәтер сатып алуға жұмсаған, – деді прокурор Елдар Нұрмаханов айыптау актісінде.
Оның айтуынша, Қайрат Сатыбалды «Көліктік сервис орталығы» АҚ-ның 28 млрд 687 млн 940 мың теңге активтерін ысырап еткен және «Қазақтелеком» АҚ-ына 8 млрд 942 млн 105 мың теңге материалдық залал келтірген.
Қайрат Сатыбалдыұлының нұсқауы бойынша «Көліктік сервис орталығы» АҚ-дан ұрланған қаражат және «Қазақтелеком» АҚ-ға келтірілген залалдың қаржысы заңды табысқа айналдыру мақсатында және одан да көп табыс табу үшін өз қамқорлығындағы «ТехАльянс» ЖШС-ның жалпы айналымымен араласқан.
Қайрат Сатыбалдының «ТехАльянс» ЖШС-ға қамқорлық жасағанын және қылмыстық жолмен тартылған қаражатты ескерсек, компанияның тауар айланымы 922 млрд 720 млн 997 мың теңгеге ұлғайған. 2018-2022 жылдар аралығында ақшаны жылыстату нәтижесінде Қайрат Сатыбалдыұлы қылмыстық жолмен пайда тапқан. 2021 жылы қаражатты жылыстату үшін ол «Байдала Л» ЖШС құрылтайшысымен де 6 млрд 454 млн теңге пайызсыз қарыз алу келісімшартын жасасқан. Қосымша келісімді ескерсек, қаражаттың сомасы 14 млрд теңгеден асады. Келісімшарт бойынша алынған нақты сома – 13,33 млрд теңге, - деді Елдар Нұрмаханов.
Сонымен, Сатыбалдының сатып алған нысандары:
- Қазақстанда – 34 млрд 863 млн теңге;
- Ресейде – 4 млрд 202 млн теңге;
- БАӘ-де – 20 млрд 413 млн теңге;
- Францияда – 4 млрд 150 млн теңге;
- Түркияда – 4 млрд 25 млн теңге;
- Барлығы – 67 млрд 655 млн теңге.
Сөйте тұра ол салық төлеуден және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден жалтарып келген. Ал сот отырысында өзі кінәні мойындау туралы процестік келісім жасау және заңсыз алынған активтерді қайтару туралы өтінішхат берген. Сот тараптарға осы мәселені шешуге уақыт белгіледі. Кейін уәде бойынша Қайрат Сатыбалдыдан бюджетке жалпы 732,8 млрд теңгенің активі (әкімшілік ғимараттар, эксклюзивті зергерлік бұйымдар, люкс үйлер, пәтерлер мен автокөліктер, компаниялардағы акциялар мен қатысу үлестері, теміржол мен ақшалай қаражат, шетелдік мүліктерімен қоса) түсті.
2022 жылдан бері 1 трлн теңгеден астам сома, оның ішінде 732,8 млрд теңге Қайрат Сатыбалдыға қатысты қылмыстық істі тергеу аясында қайтарылған, - деді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Арман Тілеукенов.
Аз мерзімге сотталу себебі, осылайша ол қылмысын толық мойындап, мемлекеттен ұрлаған қаржыны түгел қайтаруға келісімін берген-ді. Енді қазір сотталушының жалпы сомасы 50 млрд теңгеден асатын қосымша мүліктік активтерін мемлекет пайдасына қайтару туралы мәселе қаралып жатыр.
Оның сыртында Қайрат Сатыбалды 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды, «Құрмет», «Парасат» ордендерінен айырылған. Жазасын Шығыс Қазақстан облысында орналасқан ОВ-156/20 колониясында өтеп жатыр.