Шаруаларға арналған цифрлық жүйені қолдауға 150 млн теңге бөлінген
Барлық субсидия уақытында төленіп жатыр, – деді департамент басшысы
АШМ Мемлекеттік қызметтерді дамыту және цифрландыру департаментінің басшысы Бернат Алпысбеков фермерлерге арналған цифрлық жүйені қолдауға 150 млн теңге жұмсалатынын айтты.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте журналистер фермерлердің Gosagro жүйесіне жиі шағымданатынын атап өтті. Осы орайда Бернат Алпысбеков фермерлерге субсидия беретін мемлекеттік платформаның ақауларын болдырмау үшін қандай жұмыстар атқарылып жатқанына тоқталды.
Шынында да былтыр жерлерді цифрландыру мен ғарыштық мониторингке қатысты үлкен мәселе болды. Сондықтан фермерлерге уақытша жеңілдік енгізу туралы шешім қабылданды. Биыл ғарыштық мониторинг пен жерлерді цифрландыру талап етілмейді. Бұл былтырғы мәселе еді. Ал жүйедегі ақауларға келсек, биыл ондай болған жоқ. Барлық субсидия уақытында төленіп жатыр, – деді департамент басшысы.
Оның айтуынша, биыл жүйені сүйемелдеуге, онда тіркелген 90 мың пайдаланушыға қызмет көрсетуге шамамен 150 млн теңге бөлінген. Бұл сомаға қаржы институттары, ауыл шаруашылығы басқармалары, техникалық қолдау көрсетумен айналысатын несиелік серіктестіктердің, соның ішінде жергілікті жерлердегі қызметкерлердің еңбекақысы кіреді.