Жиһаз өнеркәсібін дамытуға 8 млрд теңге инвестиция тартылады
Негізгі инвесторлар – Қазақстан мен Қытай
Қазақстанда жиһаз өнеркәсібін дамытуға шамамен 8 млрд теңге инвестиция тартылатын болды.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде жиһаз өнеркәсібі инвестициялық портфелінің құны 17 млрд теңгеден асады. Жалпы 9 жобаны іске асыру жоспарланған. Нәтижесінде мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады.
Биыл Түркістан облысында құны 9,2 млрд теңге болатын 4 жоба іске қосылды. Нәтижесінде 375 жаңа жұмыс орны ашылды. Өнімдердің негізгі бөлігі ішкі нарыққа бағытталған.
Сондай-ақ жыл соңына дейін Павлодар облысында бір жоба іске қосылады. Оның құны – 388 млн теңге. Кеңсе мен мектеп жиһазын өндіретін кәсіпорында шамамен 30 адам жұмыс істейді.
Шымкент қаласында құны 800 млн теңге болатын 3 жоба бар. Онда жиһаз, медициналық жиһаз және металл шкафтар өндіріледі. Жобалар іске қосылса, 102 адам жұмыспен қамтылғалы тұр. Жаңа кәсіпорындар өнімнің 9%-ға жуығын шетелге экспорттайды.
Сонымен қатар, Абай облысында жалпы құны 7,5 млрд теңгенің кеңсе жиһазын өндіру жобасы бар. Онда 530 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр. Жобаның негізгі инвесторы – Қытай.
Аталған жобаларды іске асыру барысында жиһаз өнеркәсібінің негізгі капиталына тағы 8 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылмақ. Жобалар негізінен еліміздің ішкі қажеттілігін қамтамасыз етеді. Негізгі инвесторлар – Қазақстан мен Қытай, - деп жазылған хабарламада.