Елімізде аңғал жұртты «онлайн емдейтін» де тәуіптер бар
Ем іздеймін деп қалтадан қағылғандар соқыр сенімнің жетегінде кеткенін байқамай қалады
Коронавирус пандемиясы алаяқтық қабілеті бар жұртты «онлайн ем» жасауға да бейім етіп кетті. Қазір «онлайн емшілер» телефонның арғы жағында отырып-ақ шыққан қолды салып, дертіңе дауа тауып беретін болған.
«Астана» телеарнасының тілшісі Аружан Задабек әлеуметтік желіден «қашықтан қабылдаймын» деген жарнамасын оқып, сондай бір тәуіп әйелмен тілдесіп, шағын тәжірибе жасап көрген екен. Емші әріптесімізден суреті мен алдын ала төлем жасауын сұраған. Сурет жіберіліп, ақша төленіп, содан кейін «иығым маза бермей ауырып жүр» деген шағым айтылған.
Сіздің жаурыныңыз жабысқан. Қатты жабысқан. Жаурыныңызды ашу керек. Қазір маған 1 стақанға су құйып, суретке түсіріп жіберіңіз, WhatsApp-қа. Мен сізге сол суды оқып беремін. Соған тұз араластырып, жаурыныңызға жағасыз, - депті әлгі тәуіп.
Онымай қоймай, «ерекше қабілетті» әйел енді денсаулығың мазаламайтындай етіп оқып беремін деп уәде беріп, оның да «ставкасын» айтқан.
– 10 мың теңге болады, 10 мың теңге.
– 10 мың теңге?
– Иә, 2-3 күнде емдеп шығамын.
Ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесова да өзіне аталарының аян беретінін айтады. Тіпті, ол нәрестенің және 15 жастағы баланың тайып кеткен иығын WhatsApp арқылы онлайн салған көрінеді.
Ана баланың қасынан жұлдыз сияқты ма, әппақ бірдеңе жарқ етті, видеодан көріп тұрдық. Сосын иығы тарс етіп өзінен-өзі орнына түсті де ақ нәрсе жоқ болып кетті. Адамның сұлбасындай бір нәрсе, - дейді емшінің өзі.
Қазір Бағдагүл Лепесованың телефонында 57 WhatsApp чат бар екен. Оған күніне 15 мың адам жүгінетін болған. Алайда Травматология және ортопедия ғылыми орталығының травматолог дәрігері Адай Қазбеков ондай онлайн емге сенбейді.
Бұл – ақылға қонымсыз нәрсе. Себебі адамды қолын ұстап көрмей, иығын, буын шығуын онлайн қайта қалпына келтіру мүмкін емес, - дейді маман.
Сол сияқты, «Әлжан ана» мешітінің наиб имамы да аңғал жұртты ашылмай жүрген бағыңызды бірер минут iшiнде «ашып», жоғалтқан жоғыңызды «тауып», ауырған басыңызды «жазып», болашағыңызды болжайтындардан аулақ болуға шақырып отыр.
Онлайн түрде де осындай бір шариғатымызға, ислам дініне қарсы келетін жолдармен ақша тауып, адамдарды алдап-арбап, тіпті осы арқылы дінге де қарсы шығып кеткен кісілерді қоғамда көріп жатамыз. Әлбетте мұндай нәрселерге дініміз қарсы, - дейді ол.
Бірақ Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті, академик Зиядан Қожалымовтың пікірі – діндар уәжіне қайшы. Ол тылсым күш ғарыштан келеді деген сенімде. Яғни, онлайн емдеу де Құдайдың құдыреті екен.
Халықтың ішінде әлі де қасиеті тектен дарыған нешетүрлі сынықшы, емшілердің 10 пайыздайы бар екенін жасыра алмаймыз. Біз солардың абыройын асқақтатуымыз керек. Бұл жөнінде Қазақстан халық емшілері қауымдастығы тарапынан 30 кітап шықса, соның бірнешеуінде сондай емшілер тарихқа енді, - дейді академик.
Ол айтқан 10 пайыз емші – тәуелсіздік жылдары Денсаулық сақтау министрлігінің жанынан құрылған арнайы ұйымға тіркелген 20 мыңнан аса емшіден қалғаны. Көбі ақша қуып, жолдан тайып, кейбірі қасиеті таусылып, тәуіптіктен кеткен екен. Ал 30 кітапқа енген, халыққа қадірлі емші, сынықшылардың тізімінде әлгі онлайн-тәуіп Бағдагүл Лепесова жоқ.
Психотерапевт Лаура Жексембаеваның пікірі де жоғарыдағы травматолог пен наиб имамның айтқандарымен үндес. Ол адамдар «көріпкелдің» алдына өмірден соққы алып, өзегі талғанда, байлығынан айрылып, бақытын жоғалтқанда көп баратынын айтқан. Сондай-ақ ол ем іздеп, тәуіп аралап жүргендердің көбеюі тұрғындардың психологиялық тұрғыда сауатсыз екенін көрсетеді дейді.
Шынымен де егер ауру-сырқаудың бәріне қашықтан емдейтін тылсым көп әсер ететін болса, бүкіл аурухананы жауып тастап, емшілерге ғана ерік беріп қойып, онлайн жатып алып, сауығып кете берер едік. Ал ем іздеймін деп қалтадан қағылып жүрген жұрт балгерге барар алдында соқыр сенімнің жетегінде қалай кетіп қалғанын байқамай қалады. Өйткені қазір Қазақстанда көпті алдайтын «көріпкелдерге» тыйым салатын заң жоқ.