«Мың теңгеліктерді бетімізге шашты»: шымкенттік олигархтың күзетшілері Нұрлан мен Мұратқа оқ атқан
Ол кезде гонорарымыз 1 мың доллар еді, - дейді әнші
«Нұрлан мен Мұрат» дуэтінің жігіттері Esquire Podcast-та кезінде шымкенттік олигархтың тойында ән айтып, оқыс оқиғаға тап болғандарын еске алды.
Бір күні шымкенттік бір ағамыз хабарласты. «Сендердің әндеріңді отбасымызбен тыңдаймыз. Кеш болайын деп жатыр. Келіп, ән айтып кетсеңдер» деген өтініш жасады. Біздің дүрілдеп тұрған уақытымыз. Әдетте бір-екі әннен кейін кетіп қалатын едік. Ол жерге барып, «Ләйләнің» өзін 10 шақты рет айттық. Басында бізді керемет қарсы алды. Анасы және отбасымен таныстырды. Әндеріміздің бәрін жатқа біледі екен. Біз де үлкен кісілердің батасын алып жатырмыз. Бір кезде әндерімізді айтып болып, шығайын деп жатсақ, жібергісі жоқ. Анамның өтініші деген соң тағы бір ән айттық. Олигарх ағамыз ашулана бастады. Ақшасын төлеп қойдық, қалауымызша ән айтқыза береміз деп ойласа керек. Не керек, сол отырыстың арты үлкен төбелеске ұласты, – дейді Мұрат Қожа.
Оның айтуынша, олигархтың күзетшілері әншілерді мейрамханадан шығармай қойған.
Кетуге ыңғайланып жаттық. Асаба да, музыканттар да аппаратураларын жинады. Ағамыз жібергісі келмейді. Күзетшілеріне «Мына екі жігітті ұстаңдар» деп айқайлады. Біз оған көнбей, сыртқа шығып кеттік. Артымыздан келе жатқан бір күзетшісі мылтық атты. Тіпті, мылтықты басымызға да тақады. Одан Нұрлан екеуміз қолындағы мылтыққа жабысып, жұлып алдық. Бір кезде ағамыз шықты да мың теңгеліктерді бетімізге шашты. Ол кезде гонорарымыз 1 мың доллар еді. Теңгемен есептесек, 120 мың теңге. Мен жинап алдым да өзінің бетіне шаштым. Кейін жігіттер «Сендер кете беріңдер, өзіміз шешеміз» деді. Кейін кешірім сұрап, гонорарымызды артығымен төледі. Сол кісінің арқасында концерт беріп, әндер жазылды. Ол кезде ақша құнды еді, – дей әнші.