Мамырда «9-20-25» бағдарламасының алғашқы өтінімі мақұлданды
Бұл ипотеканы іске асыруға жыл сайын 150 миллиард теңге керек
Биыл 1 наурыздан бастап «9-20-25» ипотекалық бағдарламасының іске қосылғаны мәлім. Ол республикалық бюджет және «Отбасы банк» есебінен қаржыландырылады.
Еске сала кетсек, 2018 жылы іске қосылған «7-20-25» бағдарламасы 2023 жылға дейін үздіксіз жұмыс істеп тұрды. 2023 жылы да жалғасқанмен, ипотека беруге бірқатар өзгеріс енгізілді. Мәселен, бағдарлама бойынша жылына 100 млрд теңге ғана бөлініп, ол 12 айға бөлінді. Содан кейін ипотека рәсімдеуге қатысты мәселе туындай бастады.
Содан соң былтыр Үкімет 2024 жылы «9-20-25» жаңа ипотекасының іске қосылатынын мәлім етті.
Жаңа ипотеканы іске асыруға жыл сайын 150 миллиард теңге қаражат керек. Ол үшін нарықтан 100 миллиард теңге, «Отбасы банктің» таза табысынан 50 миллиард теңге бөлуіміз қажет болып тұр. 9 пайыздық мөлшерлемеге шығу үшін осылай қаржыландырудың екі көзін қарастыруға тиіспіз, - деген-ді сонда экс-премьер Әлихан Смайылов.
Осылайша, жаңа бағдарлама аясында жыл сайын 8 мың отбасын баспанамен қамтамасыз етуге болады. Оны «Отбасы банк» пен «Бәйтерек» холдингі бірлесе әзірлеген. Не үшін 9-20-25 десеңіз, ол – осы бағдарлама арқылы 20 пайыз бастапқы жарнаны салып, 9 пайыздық мөлшерлемемен 25 жылға дейін баспана несиесін рәсімдеуге болады деген сөз.
Наурыздың бірінші күнінен бастап шамамен 1 мың өтінім түсті. «Отбасы банк» жұмыс істеп жатыр. Мамырда алғашқы өтінім мақұлданып, бағдарлама нақты іске қосылды. Бағдарлама бірнеше жыл бойы жұмыс істейді. «Бәйтерек» холдингі өз қаражаты және нарықтан тартылған қаржы есебінен осы жобаға қолдау көрсетуді жоспарлап отыр, - деді премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров.